БҚО-дағы шаруа қожалықтарының бірінде үш оралдық құлдықта болған

0

БҚО-да Ақжайық ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінің басшысы Орал тұрғындарын еңбек құлдығында ұстаған, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап.

БҚО Полиция департаментіне Ақжайық ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінің басшысы еңбекке пайдалану үшін Оралдың тұрғындарын заңсыз ұстағаны жөнінде жедел ақпарат келіп түскен.

Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бұл дерек расталып, Оралдың тұрғындары арызбен келіп жүгінген.

Бұл дерек бойынша Ақжайық аудандық Полиция бөлімі қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабы 3-бөлігіне (Бас бостандығынан заңсыз айыру) сәйкес соталды тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Өзге ақпараттар Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.