БҚО-да жол апатынан екі адам мерт болды

0

«Фольксваген» автокөлігі жол шетінде тұрған трактор тіркемесінің астына кіріп кеткен.

Қаратөбе ауданында жол апатынан екі адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудандық ТЖ бөлімінің басшысы міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Мэлс Исқақовтың айтуынша, оқиға 19 қаңтар күні кешкісін орын алды. «Сырым-Қаратөбе» жолының 87-шақырымында «Фольксваген» автокөлігі жол шетінде тұрған трактор тіркемесінің астына кіріп кеткен. Жол апаты салдарынан автокөлік ішіндегі адамдарды шығара алмай жатқаны жөнінде аудандық полиция бөлімінен сағат 21.10-да хабар түскен.

«Оқиға орнына «УАЗ-АСО» автокөлігімен бес адам бардық. Урал АЦ 5,5 өрт сөндіру көлігі де келді. Соның көмегімен тіркеме мен «Фольксваген» автокөлігін екі жаққа тартып, шығардық. Төрт ер адамды жеңіл автокөлік ішінен шығарып алғанмен, өкінішке қарай, біреуі оқиға орнында қайтыс болып кетті. Екіншісі 20 қаңтар күні аудандық ауруханада көз жұмды. Қалған екеуі облыстық ауруханаға жеткізілді, қазір жағдайлары жаман емес. Олардың бәрі де — Орал қаласының тұрғындары. Құтқарылған адамның бірі — Мақсот Қазғалиевтің інісі Максим Қаратөбеге арнайы келіп, ТЖ қызметкерлеріне алғысын айтып кетті. Ағасының мұрны сынып, қан ұйып қалған. Дер кезінде құтқарылмағанда, дем ала алмай қалады екен», деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Исқақов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, Қаратөбе ауылынан 10 шақырым жерде болған жол апатынан төрт адам зардап шеккен. 1979 жылғы ер адам жедел жәрдем келгенге дейін қаза тапса, 1979 жылғы екі және 1972 жылғы бір ер адам Қаратөбе аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Құрамында нейрохирург, травматолог, анестезиолог бар санавиация шақыртылды. 1972 жылғы ер адам келесі күні ауруханада қайтса, қалған екеуі санавиациямен облыстық ауруханаға әкелінді. Біреуі амбулаторлық ем алуға жіберілді, екіншісі нейрохирургия бөлімінде.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/