БҚО-да жол апатынан екі адам мен 39 жылқы тірідей жанып кетті (видео)

0

Батыс Қазақстан облысында екі жүк көлігі соқтығысып қалды. Жол-көлік апаты болған жерде өрт тұтанып, екі адам мен 39 жылқы тірідей жанып кетті, – деп хабарлайды «Мой город» басылымы. 

Mercedes-Benz көлігі бос келе жатса, КамАЗ тіркемесінде тола жылқы болған.

БҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, жол апаты 15 мамыр сағат 23:56-да Қаратөбе ауданының маңында, Самара-Шымкент тасжолының 464-ші шақырымында болды.

«40 жылқы тиеген КамАЗ бен Mercedes-Benz Actros жүк көлігі бетпе-бет соқтығысқаннан кейін өрт шықты. Ауыр жүк көліктері толықтай өртке оранды. Сондай-ақ 39 жылқы өртеніп кетті. Көліктерден күйген екі адамның денесі шығарылып, бір адам әртүрлі жарақатпен Сырым ауданының орталық аймақтық ауруханасына жатқызылды. Дәл қазір қаза тапқандардың кім екені анықталып жатыр, — деді ведомстводағылар.

Еске салсақ, Өскемен-Алтай тасжолында болған жантүршігерлік жол апатынан 4 адам көз жұмды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды, оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады.