БҚО-да туған анасын аса қатыгездікпен өлтірген жасөспірім сотталды
Сот жабық түрде өтті, себебі істің мән-жайы заң бойынша жариялауға жатпайды
Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында, алқабилердің қатысуымен, кәмелетке толмаған В.-ға қатысты анасын аса қатыгездікпен өлтіргені үшін қылмыстық іс қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша айып тағылды, деп хабарлайды Kznews.kz.
Сот жабық түрде өтті, себебі істің мән-жайы заң бойынша жариялауға жатпайды.
Мемлекеттік айыптаушы тағылған айыпты қолдап, сотталушыны бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап ең қатал жаза қолдануды талап етті. Ал сотталушы кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінетінін жеткізді.
Кәмелетке толмаған В. алқабилердің үкімімен ауырлататын мән-жайда аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оның жасын, мінез-құлқын және жасаған қылмысының ауырлығын ескере отырып, оған 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын ол кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады.