БҚО-да өрт сөндіру бөлімінің басшысы соққыға жығылып қайтыс болды

0
2046

БҚО Ақжайық ауданы Қарауылтөбе ауылындағы №27 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Ақан Нұрғалиев соққыға жығылып, қайтыс болды,– деп хабарлады Орал апталығы.

Оқиға 25 наурыз күні болған. Інісі Руслан Нұрғалиевтің айтуынша, ағасын түнгі сағат он бірлер шамасында әріптестері хабарласып, жұмысқа шақырып алған.

– Не үшін шақырғандарын білмедім. Барса, іште өрт сөндіру бөлімінің екі қызметкерінен бөлек тағы екі бөгде адам болған. Ол екеуі мас болған. Араларында нендей жанжал болғанын, кім ұрғанын білмеймін, ағамды аяусыз соққыға жыққан. Дәлел болмасын деді ме, өрт сөндіру бөліміндегі камераларды сындырып тастаған. Ағам ертесіне ауыл шетінде тұратын туысымыздың сарайынан табылды. Сол үйдегі жеңгем таңертең сыртқа шыққанда сарайда біреудің жатқанын көрген. Қараса ағам екен. Дереу бізге хабар беріп, жедел жәрдем шақыртты. Бірден аудандық аурухананың жансақтау бөліміне түсті. 27-сі күні таңғы бесте қайтыс болды. Әйелі жесір, үш баласы жетім қалды,– дейді Руслан Нұрғалиев.

Ол ағасы Ақан Нұрғалиевтің туысының үйіне өзі барды дегенге сенбейтінін айтады. Істі тергеу барысында бармақ басты, көз қысты болып, бауырының өліміне себепкер болған адамдар бостандықта жүре ме деп алаңдап отыр.

– Өлімші етіп сабап, сарайға лақтырып кетіп отыр ғой. Ағамды өлтірген адамдар заң жүзінде тиісті жазасын алсын. Іс басқа жаққа бұрылып, өлген ағамның өзін кінәлі етіп шығара ма деп алаңдаймын,–дейді ол.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиға бойынша бір адамның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын айтты.

– 25.03.2021 жылы сағат 23:00 шамасында Қарауылтөбе ауылының тұрғыны Н. мен 1992 ж.т. М. арасында жанжал туындап, төбелеске ұласқан. 26.03.2021 жылы сағат 08:30 шамасында азамат Н. ағасының тұрғын үйінің жазғы сарайының ішінен ес-түссіз жатқан жерінен табылып, жедел жәрдеммен Ақжайық аудандық ауруханасына жеткізілді. 27.03.2021 жылы сағат 05:46-да Ақжайық аудандық ауруханасының хирургия бөлімінде дене жарақатынан қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Жәбірленуші қайтыс болуына байланысты ҚК-тің 106-бабы 3-бөлігіне қайта дәрежеленіп, күдікті М уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды,– деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.