БҚО-да мүйізі кесілген ондаған киіктің өлігі табылды

0

Батыс Қазақстан облысында шалғай аумақтан мүйіздері кесілген ондаған киіктің өлігі табылды деп хабарлады Батыс Қазақстан орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы.

— Алдын ала мәлімет бойынша, киіктер көп мекендей бермейтін, шалғай ауданда шамамен 50 киіктің өлігі табылды, олардың нақты саны кейінірек анықталады. Мұнда инспекторлар да жиі болмайды — алыс аудан, иен дала десе де болады. Біздің қызметкерлер оқиға орнынан гильза, автокөліктің ізін тапты, — деді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі бөлімінің жетекшісі Серік Мәженов.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің дерегінше, оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 337-бабы бойынша («Заңсыз аң аулау») сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

— 30 қаңтарда сағат 19 шамасында Жаңғалы ауданы Мәстексай елді мекенінен 56 шақырым жерде атылған 50 киіктің өлігі табылды, олардың мүйіздері кесілген. Қазір Жаңғалы аудандық полиция бөлімі қызметкерлері шұғыл-іздестіру шараларын жүргізіп, қылмыс жасағандарды анықтауға кірісті, — деді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Белгібеков.

Киік мүйізі дәстүрлі шығыс медицинасында қолданылады.

Соңғы кезде Қазақстанның әр аймағынан заңсыз киік аулағаны туралы хабарламалар жиілеген. Өткен жылы заңсыз киік аулаушыларды ұстауға тырысқан «Охотзоопром» кәсіпорнының екі инспекторы қаза болды.

Azattyq