БҚО-да мас жүргізуші полицей мен жаяу жүргіншіні қағып кетті — новости Казахстана
Орал-Самара тас жолында орналасқан «Красновский» бекетінде мас жүргізуші полиция инспекторы мен жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Соққы салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмған. Ал полиция инспекторы көптеген жарақаттармен жан сақтау бөліміне жеткізілген деп хабарлайды NUR.KZ.
Полиция департаментінің мәліметінше, 11 желтоқсан күні «ВАЗ-21150» көлігінің 29 жастағы жүргізушісі қарсы бетке шығып кетіп, екі жаяу жүргіншіні қаққан. Олардың біреуі бекетте тұрған полиция қызметкері болып шыққан.
«Жол көлік оқиғасынан кейін жүргізуші ізін суытпақ болған. Алайда 400 метрден кейін оны полицейлер тоқтатқан. Медициналық куәландыру қорытындысы ер адамның орта деңгейде мас екенін көрсеткен», — деді Батыс Қазақстан полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Наурызғалиева.
Денсаулық сақтау басқармасы жедел жәрдем қызметкерлері оқиға орнына шақырту түскеннен кейін бес минуттың ішінде жеткенін хабарлады. «Вольво» көлігінің жүргізушісі, 35 жастағы ер адам жедел жәрдем жеткенше тіл тартпай кеткен.
«Жол-патрульдік полициясының 28 жастағы инспекторы облыстық көп салалы ауруханаға жеткізілген. Ол жабық бас сүйек-ми зақымын алған, иық сүйегі сынған. Оның жағдайы тұрақты деп бағалануда», — деп хабарлады дәрігерлер.
Қазір күдікті тұтқындалып, тергеу абақтысына отырғызылған. Полиция қызметкерлері қылмыстық кодекстің 345 бабының үшінші тармағы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.