БҚО-да коронавирусқа байланысты екі үйдің кіреберісі карантинге алынды

0

Бұл үйлерде бір пәтерден тек бір адам ғана маска киіп, азық-түлік немесе дәрі-дәрмек сатып алуға шыға алады

НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз – Sputnik. Батыс Қазақстан облысының Орал және Ақсай қалаларында коронавирус жұқтырған пациенттер тұратын екі үйдің кіреберісі карантинге алынды. Бұл туралы облыстың тауарлар және қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

29 наурыз күні Батыс Қазақстанда коронавирусқа шалдыққан екі науқас тіркелген болатын. Екеуі де осы аймақтың тұрғындары. Бір науқас – 53 жастағы әйел Ақсайға Ресейден келген. Ал екіншісі Орал қаласының 48 жастағы Атырауға барып келген.

«Осы екі науқас тұратын үйдің тұрғындары карантинге алынды. Үйлерінде шектеу қойылды. Бір пәтерден бір адам ғана маска киіп, азық-түлік немесе дәрі-дәрмек сатып алуға шыға алады. Немесе үйге дейін жеткізу қызметін пайдалануға рұқсат етіледі», деді Мұстаев онлайн брифингте.

Айтуынша, екі тұрғын үй де дезинфекцияланған.

Тағы оқыңыз: Алматыда коронавирус инфекциясының жаңа ошақтары табылды

Пациенттермен жақын байланыста болған адамдар анықталып, провизорлық стационарға жатқызылды. Кейбірі үй карантиніне алынған.  

Екі науқастың да жағдайы қалыпты.



sputniknews.kz