БҚО-да имамның кетуін талап етіп, жолды жапқандар жауапқа тартыла бастады

0

Маусым айының ортасында мешіттің жабылуына наразылық білдіріп, халықаралық трассаны жапқан Жымпиты ауылының тұрғындары «көлік қозғалысына қасақана кедергі келтіргені үшін» әкімшілік жауапқа тартыла бастады. Қазір ауылдың кемінде бес тұрғынына айыппұл салынған.

Ақтөбе – Самара трассасындағы акцияға қатысқандарды полицияға шақырып жатқаны жөнінде Азаттыққа ауыл тұрғыны Мұқат Арыстанов хабарлады. Оған әзірге шақыру келмеген.

— Қазір шамамен бес адам шақырту қағазын алды, таңертеңнен бастап үйді-үйді аралап, адамдарды полицияға шақырып жатыр. Бірінші көліктері трассаға көлденең қойылған жүргізушілер шақырылып жатқан сияқты. Мысалы, Албек Ароновқа 4 мың теңге айыппұл салынды. 18 маусымда оның көлігі трассаны жауып тұрған кезде видеоға түсіріліп алынған. Полицияда оған нөмірлері көрінетін видеолар көрсетілген, — деді Мұқат Арыстанов.

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті Азаттық тілшісіне акцияға қатысқандардың барлығы әкімшілік жауапқа тартылатынын хабарлады. Оларға Әкімшілік кодекстің 614-бабы бойынша («Көлік қозғалысына қасақана түрде кедергі келтіру») айып тағылады. Полиция өкілдері бірақ қанша адамның жауапқа тартылатынын айтпады.

Мешіттің жабылуына қарсылық білдіріп, халықаралық трассаны жапқан акция Жымпиты ауылының маңында 18 маусымда өткен. Сол күні кешкі сағат алты шамасында 60-қа жуық адам трасса өтетін көпірге шығып, көліктерін көлденең қойып, жолды жапқан. Бір сағаттан соң оқиға орнына әкімдік пен полиция қызметкерлері келді. Бұдан соң екі апта бұрын облыс имамы жапқан мешіт ашылған.