БҚО-да екпеден бас тартқан ата-аналар саны мыңнан асып отыр

0

2018 жылғы 26 желтоқсан 13:24 210

БҚО-да екпеден бас тартқан ата-аналар саны мыңнан асып отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат  — Батыс Қазақстан облысында түрлі себептер бойынша баласын ектіруден 1137 ата-ана бас тартып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрмановтың айтуынша, соның тең жартысынан астамы (55,6 пайызы) Орал қаласының үлесіне тиеді.

Сол секілді Зеленов (12,1 пайыз), Сырым (8,1 пайыз), Бөрлі (7,3 пайыз), Ақжайық (6,2 пайыз) аудандарында да екпеден бас тартқандар баршылық.

Ата-аналардың 68,4 пайызы діни наным-сенімге, 22,3 пайызы жеке ұстанымдарына және 9,3 пайызы екпеге сенбеуіне байланысты бас тартқан. Өкінішке қарай, ата-анасы екпеден бас тартқан екі жасар баланың туберкулезге шалдыққаны анықталды, ол қазір емделуде.

Дегенмен түсінік жұмыстары нәтижесінде 111 баланың ата-анасы перзенттерін ектірудің керектігін ұғынды.

Айта кетейік, өткен жылғы 11 айда өңірде 293 адам туберкулезге шалдықса, биыл олардың саны 295-ке жетіп отыр. 14 жасқа дейінгілер арасында биыл алты жасөспірім туберкулезбен ауырған, бұл да өткен жылғы деңгейде.

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz