БҚО-да екі тұрғын ауылдасына оқ атып, өлтірмек болған

Орал қаласына қарасты Круглоозерный кентінде оқыс оқиға болды.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, 14 қаңтар күні екі тұрғын жиырма жасар жігітке оқ атқан. Алдымен олар оны көшеге шақырып алған. Содан кейін екі рет оқ атылып, біреуі оның ішіне, екіншісі қолынан тиген.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растады.
— Аталған дерекке сәйкес Шаған полиция бөлімі бұзақылық және кісі өлтіруге оқталу қылмысы бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қылмыс жасады деген күдікпен екі жергілікті тұрғын ұсталды. Тергеу БҚО полиция департаменті басшылығының бақылауында, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда өзенге батып кеткен автокөліктен екі ер адамның денесі табылғанын жазған болатынбыз.