Бозжыра шатқалын қорғаушылар онлайн-петиция бастады

0
409

Қазақстандағы табиғаты ерекше Бозжыра шатқалында VIP-қонақүй салу жоспарына қарсылар онлайн-петицияға қол қою науқанын бастады. Азаматтар мен мемлекеттік органдарға арнап жазылған ашық хатта авторлар жоспарда көрсетілген орында құрылыс салғызбауға шақырады.

«Тек Маңғыстаудың емес, бүкіл Қазақстанның табиғи жәдігері саналатын Бозжыра шатқалы республикалық маңызы бар қорғаудағы аймақ қатарына әлі күнге кірмей отырғанына алаңдаймыз, соның кесірінен мұнда туристердің еш бақылаусыз ағылып келуіне жағдай жасалған, бұл аса кірпияз жерге үлкен зиян тигізіп жатыр.

Біздің ойымызша, Бозжырада туризмді дамыту үшін ең алдымен табиғат қазынасы мен ғажайып ландшафты сақтайтын барлық мүмкіндік жасалуы тиіс. Бозжыра тез арада ерекше қорғауға алынған республикалық маңызы бар аймақ қатарына қосылып, оған кіріп-шығудың, оны қорғаудың ережелері қабылдануы керек. Оған дейін қоғаммен бірлесіп, шатқалға кірудің арнайы тәртібі жасалып, келушілердің барлығы оны сақтайтындай жағдай жасалуы қажет» делінген ашық хатта.

Хат авторлары Бозжыраның «жұрт бақылаусыз ағылып баратын туристік орынға және «таңдаулылардың жұмағына» айналғанына қарсымыз» деп жазады.

«Жобада көрсетілген орынға, яғни «Азу тістерден» 4 километр, ал Жабайұшқан қорығы шекарасынан 500 метр жерге отель салуға үзілді-кесілді қарсымыз. Қонақүй Бозжыраның барлық нүктесінен өте жақсы көрініп тұрады, бұл айналадағы тіршілік атаулыға кері әсер ететін фактор болмақ. Қонақүй Бозжыраның тұмса сұлулығын бұзып, шатқалдың табиғи және тарихи құнын төмендетеді, оның туристер тарту мүмкіндігін шектейді» делінген хатта.

Бұған қоса, авторлар «Бозжырада қазір жүріп жатқан техникалық және құрылыс жұмыстары қоршаған орта бойынша шешімдерге қоғам өкілдерін қатыстыру жөніндегі Қазақстан ратификациялаған БҰҰ Орхус конференциясының Ақпаратқа қолжетімділік конвенциясын бұзу болып саналады» деп санайды.

«Біз Қазақстанның мәдениет министрлігін және басқа да құзырлы органдарды Үстірт пен Бозжыраны ЮНЕСКО-ның дүниежүзінің табиғи және мәдени мұрасы тізіміне кіргізу әрекетін жалғастыруға шақырамыз. Бұл қадам аймақтың халықаралық имиджін жақсартуға ерекше үлес қосады және мұнда тұрақты туризм қалыптастыруға серпін береді» делінген хатта.

Сонымен бірге, петиция авторлары «шынымен VIP-қонақүй салу қажет болса, Маңғыстауда табиғаты көрікті жер көп» дейді. Қазақстанның биоәралуандықты қорғау қауымдастығының ұсынысы бойынша, қонақүйді Бозжырадан 20-25 км қашыққа салуға болады, өркениетті елдердің бәрінде бұл «жақын жер» болып саналады» деп жазады хат авторлары.

Олар азаматтарды, мемлекеттік органдарды және халықаралық экология және мәдениет ұйымдарын Маңғыстау облысының басшылығына, мәдениет, экология және табиғи ресурстар министрліктеріне және үкіметке жіберілген хатты қолдауға шақырады.

Бозжыра шатқалында бутик-отель салу мәселесі бойынша Маңғыстау облысының Құрық ауылында 5 ақпанда өткен қоғамдық тыңдауда халық өкілдері бұл жобаны қатты сынға алған.

Девелоперлердің сипаттауы бойынша, бұл маңда қонақүймен қоса тікұшақ алаңы, кофехана, шай бөлмесі, киоск, фитнес-зал, спорт тауарлар дүкені, ашық бассейн, СПА және термалдық бассейн, мейрамхана, бар және атқора болмақ. Бұған қоса, жоба бойынша мұнда әрқайсында бассайні бар 50 вилла салу көзделген.

  • Бозжыра шатқалы Маңғыстау облысы Қарақия аудандында орналасқан. Ол аймақ орталығы — Ақтау қаласынан 300 км шалғайда жатыр.
  • Үстірт жазығының бұл бөлігінде әктас шөгінділерінен тұратын айрықша ландшафт қалыптасқан, мұнда биіктігі 250 метрге дейін жететін тас қиялар бар. Экологтар антропогендік әрекеттер табиғаттың бұл ерекше ескерткішіне зиянын тигізеді деп санайды және бұл ауданда қандай да бір құрылыс салуға болмайды дейді.
  • Былтыр қарашада Бозжыра шатқалы маңында құрылыс техникасы пайда болғаны жайлы ақпарат тараған соң қоғамда наразылық туындаған. Маңғыстау облысы әкімдігі «құрылыс басталмағанын», бірақ қонақүй салу жоспары барын мәлімдеген.
  • 17 қарашада қоғамдық белсенділері президент пен Маңғыстау облысы әкіміне ашық хат жазып, шатқал маңына қонақүй салмауды талап етті.
  • Сол күні Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісінде «қоғам наразылығына байланысты» президент «жобаны қайта қарауды тапсырғанын» жазды. Кейін Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымов қонақ үй Бозжырадан бір-екі километр жерге салынатынын мәлімдеді. Белсенділер отельді Бозжырадан 20 шақырым жерге салуды талап еткен еді.
  • Экологтар Бозжыра шатқалын сақтап қалу үшін оны ЮНЕСКО мұраларының тізіміне және Үстірт қорығының құрамына кіргізу қажеттігін айтқан. Азаттық сұрағына жауап берген экология министрі «Бозжыраны қорық аумағына кіргізу жоспарда жоқ» деді.
  • Бұл қонақүйді Ақтаудағы Rixos Water World отелін салған компания салуы тиіс. Rixos отельдер холдингінің иесі – түркиялық бизнесмен Феттах Таминже. Ол – түркиялық ықпалды кәсіпкерлердің бірі.