Бозымбаев вице-министр Шкарупаға тағылған айыпқа қатысты пікір білдірді — Ел жаңалықтары
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев вице-министр Анатолий Шкарупаға тағылған айыптың оның министрліктегі қызметіне қатысы жоқ екенін мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Ештеңе білмеймін, бірінші рет естіп тұрмын. Бұл жағдайдың тек 2015 жылы болғанын естідім. Ал Шкарупа бізге бір ай бұрын келді», — деді министр.
Бозымбаев вице-министрлердің үкіметтің қаулысы бойынша тағайындалатынын айтып өтті.
«Вице-министрлерді министрлер тағайындамайды. Ол тәжірибелі адам, өздері шешеді деп ойлаймын», — деді энергетика министрі.
Еске сала кетейік, Қазақстанның бас прокуроры Қайрат Қожамжаров энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаны ақша жымқырды деп айыптаған болатын. «Таяуда тағайындалған вице-министр Анатолий Шкарупаға заң тұрғысынан қатаң айып бар, Саран қаласының бұрынғы әкімі (Қарағанды облысы — авт.). Оның 2015 жылы орталық жылытуы жоқ Саран қаласына есептеу құрылғысын бекітуге бөлінген 215 миллион теңгені жымқыруға қатысы бар», — деген еді Қожамжаров Ақордадағы Қауіпсіздік кеңесі отырысында.
Анатолий Шкарупа 1975 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1998 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын «отын-энергетика кешені саласындағы экономика және менеджмент, инженер-экономист» мамандығы бойынша, 2016 жылы «Қазақ гуманитарлық-заң университетінің» «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдады.
Еңбек жолын 1998 жылы «KEGOK» ААҚ-да жетекші маман болып бастады, онда 2005 жылға дейін бөлім басшысы, Жоспарлау және экономикалық талдау департаменті директорының орынбасары қызметтерінде еңбек еткен.