Бозымбаев Қазақстанда атом электр станциясын салуға қатысты мән-жайды түсіндірді

0

2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы сезіледі

НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір – Sputnik. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев АЭС салу туралы шешім міндетті түрде қоғамдық тыңдаулардан кейін қабылданатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы әлі ешқандай шешім жоқ екенін айтқым келеді. Біз бұл мәселені әлі зерттеп жатырмыз», — деді Бозымбаев үкімет кулуарында.

Министр елімізде АЭС салу мәселесінің талқыланып келе жатқанына 5-7 жыл болғанын атап өтті. Айтуынша, 2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы байқалады. Себебі жыл сайын электр қуатын тұтыну артып келе жатқан көрінеді.

«Сондықтан қалай болғанда да, бізге қандай да бір қуаттылық салу қажет болады. Егер үкімет АЭС салу туралы шешім қабылдаса, ол жариялы түрде, тиісті консультациялар мен қоғамдық тыңдау арқылы өтеді», — деп сендірді министр.

Бозымбаев елімізде газ станциялары, гидростанция салу жоспарланып отырғанын айтты.

Еске сала кетсек, Мәскеуде Қазақстан мен Ресей президенттерінің кездесуінде Владимир Путин Қазақстанда атом электр станциясын салуды ұсынған еді.
Осыдан кейін, энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев атом электр станциясы Алматы облысының Үлкен аумағында салынуы мүмкін екенін айтқан болатын.



sputniknews.kz