БӨТЕН СӨЗБЕН БЫЛҒАНСА СӨЗ АРАСЫ…

0

Біздің елдің мемлекеттік қызметкерлері мен өнер адамдары қазақ тілінде шешен де шебер сөйлеуді Мемлекет басшысынан үйренсе деймін. Нағыз үлгі. Нағыз мектеп. Елбасы ана тілімізде көсіле сөйлегенде бір ауыз бөтен сөз қоса ма? Қағазға қарамай шешіле сөйлегенде құдды баяғы Қаз дауысты Қазыбек, Төле би, Әйтеке билердің толғауындай төгіп-төгіп тастайтынын елдің бәрі біледі. Орыс тілінде орыстың өзін жаңылдырады. Заман талабынан қалмай ағылшын тілін де кейінірек жақсы меңгерген. Үш тұғырлы тілде қарым-қатынас жасаудың үлгісін өзі бастап көрсетіп келеді.

Абай жарықтық айтыпты: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол адамның білімсіз бей­шарасы». Қандай сөз! Тап қазіргі қоғам­дастарға арналғандай!
Осы күнгі қазақтар білгеннің жөні осы екен деп орысша сөзді келсін-келмесін сөз арасына қосақтайтын болды. Осының жөні бар ма? Әсіресе, көпшілік көз айырмайтын телеарна төрінде тілбұзар тәйтіктер тіптен еркінсіп кетті. Бұларға «ай дейтін ажа, қой дейтін қожа» болар ма дейтін едік. Есалаңы­ның өзін қатарға қосатын ел емес пе едік?!
Қазақстан Жазушылар одағының бас­қарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет Ұлттық арна басшысына өз базынасын жолдапты. Ел көкейінен шығатын есті сөз айтыпты. «Құдай үшін, қылжақбас Қабатовқа: «Орысша сөз араластырмай, қазақ тілін шұбарламай сөйле! Әйтпесе эфирге шықпайсың!» деп талап қоюыңды сұраймын! Тілімізді бөтен сөзбен былғауын тоқтатсын. Шүлдірлемей, қойырт­пақтамай сөйлесін. Ұлттық арнаны әркімнің ойланбай сөйлеп, жұртты күлдіргеннің жөні осы екен деп, өзге тілді оңды-солды безей бе­ретін, қазақшаны белден басып, ойына келгенді айта беретін орынға айналдыруға болмайды. Тілдің киесі мен саxнаның киесі бар екенін естен шығармасын. Эфирге шығады екен – ана тілімізді құрметтеуі керек! Тіпті эстраданың еңіреген жұлдызы болса да! Тілі енді шыққандарды қойып, мектеп жа­сындағы ұрпақтардан ұят! Тіл тазалығына әр өнер адамы жауапты. Егер оның әзіл-қал­жыңынсыз Ұлттық арна күн көре алмайтын болса, жаттайтын мәтінін таза қазақ тіліне көшіріп беретін сауатты редактор бөлгендерің дұрыс».
Ұлықбек Есдәулеттің шамырқана тіл қатуының себебі бар. Ел-жұрт Тұрсынбек Қабатовтың әзіл-қалжыңын жақсы көреді. Қазақтың өмірінен алынған боямасыз шын­дық сатира тілінде сахналанғанда шаттана қол соғады. Алайда сол Тұрсынбектің тіліндегі мүкістік жас ұрпақққа қалай әсер етеді? «Телевизордың өзінде солай сөйлеп жатыр ғой» деп сол күйі қабыл алмасына кім кепіл? Бейпіл ауыздық белең алмай ма?
Сөз бұзылса, діл бұзылады.
Бұралқы сөз күлмекке жақсы. Ал тілімізді тілім-тілім етіп шұбарлап жатқанда езуге күлкі емес, күрсініс үйірілуі тиіс. Ұлықбек мырза Қабатовқа жанашыр сөз айтып отыр. «Жақында Тұрсынбек ініміз көшедегі жарнамалардың тілі мен аудармасын өлтіре сынады. Айызым қанып, риза болып көрдім! Тақырыбын тапқан екен деп қуандым. Енді көшемен қатар өзінің тілін де түзегені жөн болар еді» деп ағалық ақылын да айтыпты. Дұрыс өнеге!
Білімсіз ел береке таппайды. «Білімсіз бейшара» болу кімге бедел?! Туған тіліңді бөтен сөзбен былғау – туған анаңның бетіне түкіргенмен бірдей. Бір ғана Тұрсынбек Қабатов емес, ел тұрмақ екі адамның алдына шығып сөз сөйлейтін әр қазақ осы қағидатты қаперінде ұстаса, шіркін!

Нұртөре ЖҮСІП

Дереккөз: Айқын