Бөтен дыбыстың… аузымыздан шығатыны несі екен?!
Бөтен дыбыстың… аузымыздан шығатыны несі екен?!
Тоқсаныншы жылдары біздің тілімізге төрт арамза сөз енді — атырЫҚ, жатырЫҚ, отырЫҚ, жүрІК. Әрине, басқа да сөздер енді ғой, мен тек ең «популярныйларына» ғана тоқталып отырмын. Айтпақшы, әлгі сөздердің «баратырық», келатырық» деген «балалары» да бар. Сол тұста осылай сөйлеген адамдарға күле қарайтын. Кейін күлкіміз күмірә болды, «атырық» пен оның «достары» жаппай тілдік айналымға енді де кетті. Қазір тілші ғалымдарымыздың кейбірі, журналистердің, эстрада «жұлдыздарының» дені солай сөйлейтін болды. Көшеден «тырқылдап» келген балаңды тияйын десең, уәжі мықты: «Апай солай айтады…». Мұғалімдеріміздің де басым көпшілігі солай сөйлейтіні рас қой. Бұрын ТВ-дан ондай сөзді жібермейтін еді, қазір бетімен кетті…
Екі мыңыншы жылдардың басында Оралдағы Қазыбек досымды радиоға сұхбатқа шақырыпты. Жүргізуші, әлекедей жаланған жас баланың «…тырығы» көп екен: «Ой, Қазыбек аға, сіздің өлеңдеріңізді, мақалаларыңызды оқып жүрік…» т.б. Хабарды тыңдап отырған бір апай телефондайды: «Ай, айналайын, мен өмір бойы мектепте сабақ берген адаммын. Радио – ақпарат қана емес, мәдениет құралы, сонда отырып алып: «атырық», «отырық», «жүріктерің» не сендердің, а? Апай ашуланып, сөйлей алмай қалса керек. Сонда әлгі жүргізуші: «Апай, айта беріңіз, тыңдап отырық, тыңдап отырық» — дейтін көрінеді. Апай трубканы қоя салыпты.
Аға буын біраз қарсыласып бағып еді, бірақ олардың сөздерін «топан су» ағызып әкетті. Сатириктеріміздің бірі (ұмытпасам, Толымбек аға ғой деймін – Б.Б) осы мәселе туралы туындысында, фонетиканың заңдылығы бойынша, «тырқ» деген дыбыстың ауыздан шықпайтынын да айтып көрді. Қыртымызға да кірген жоқ…
…Жақында көршіміздің үйінде садақада болдық. Молда, еңгезердей қара жігіт жақсы уағыз айтты. Мұхаммед пайғамбарымның (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), сахабалардың, әулие-әнбиелеріміздің өмірі туралы қызықты деректер, ата-бабамыздың діни ұстанымдары жөніндегі риясыз әңгімелер жұртты еліктіріп әкетті. Кейде тым аңғал сұрақтар қойылғанда, жай жымиып қойып, арасында әзіл араластырып сөйлейтін молдекеңді бәріміз ұнаттық. Бір кезде үлкендер руын, ата-тегін сұрады. Бұхарадан оқу бітірген атақты ишанның ұрпағы екен. Атасын білетіндер бар болып шықты. Сол кісі туралы әңгімелеп беруді сұрады.
— Атамыз – өте беделді адам болыпты. Бір бай құрдасы бар екен. Құдай бақ-дәулетті молынан берген кісі екен. Соның буы ма, ылғи атама тиісе берсе керек. Құрдастың аты – құрдас, шыдау керек. Бір күні жұртшылыққа уағыз айтып отырғанда, ана кісі тіпті шектен шығып, Жаратқанға тіл тигізіпті. Атамыз бірнеше рет ескертсе де тыйылмапты. Қарқ-қарқ күліп, бұны әбден мазақ етсе керек. Атамыз бір дұға оқып, әлгінің көтеншегін байлап тастапты. Ана байғұс іші қатып, қатты әуреге түседі. Ішті кеулген жел шығатын жол таппай, ауызға тығылып, кекіре береді. Алыс-жақыннан шақырған емшілерідің бәрі еш қайла қыла алмай, бас шайқай беріпті. Ақыры біреу ақыл айтады: «Құрдасыңды шақыр, бір амалын тапса, сол табар…». Басында: «Өлсем де, соған қаралмаспын…» — деп жатқан байекең әбден қысылғанда адам жібертіпті. Атам барғанда: «Құрдасжан, менің бар малымды ал да, мына пәледен құтқар…» — депті жалынып. «Ай, сенің бір желге тұрмайтын малыңның маған не керегі бар, райдан қайттың ба, соны айт?». «Менікі асылық екен, құрдас. Алланың құдіретінде шек жоқ қой, көрмейсің бе, бар малым көмектесе алмай жатыр…». «Е, тәубеңе келген екенсің ғой…» — деп күлген атамыз бір дұға оқып, асасымен түртіп қалғанда тарқ етіп іштен жел шығыпты дейді…
Сол әңгімені естігеннен бері басымнан бір күдікті ой кетпей жүр: «Осы біздің қазақтың да көтеншегін біреу байлап тастаған жоқ па екен?» Әйтпесе, бөтен дыбыстың… аузымыздан шығатыны несі екен?!
facebook.com парақшасынан
Көрілген: 2 Пікірлер: 0