Ботай мәдениеті — жылқының ең алғаш қазақ даласында қолға үйретілгеніне дәлел

0

2018 жылғы 4 желтоқсан 14:53 524

Ботай мәдениеті - жылқының ең алғаш қазақ даласында қолға үйретілгеніне дәлел


АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Жылқының тұңғыш рет қазақ даласында қолға үйретілгенін дәлелдейтін Ботай мәдениетін бүкіл әлем мойындап отыр. Бұл пікірді Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана директоры Асхат Байұзақов «Алматы ақшамы» газетінде бөліскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кітапхана директоры Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын бір деммен оқып шыққанын айтты. 

«Риза болдым. Қазақ екендігіме тағы бір мақтандым. «Қаны бір түркі халықтары тарихының әлемдегі көне өркениеттермен терезесі тең тұрғанын халқымыздың бүгінгі буын ұрпағына қалай түсіндіре аламыз?» деген мәселеге осы мақала жауап береді және келешекте бағдар ретінде қызмет етеді деген ойдамын», — деді ол.

Асхат Байұзақов қазақ халқының тарихын ғана емес, алдымен ұлы далада өмір сүрген ежелгі протомемлекеттер тарихын оқып, үйренуіміз қажеттігін алға тартады. Оның пайымынша, түпкі тарихын біліп, онымен ұрпақтың мақтаныш сезімін, рухын ояту заман талабы.  

«Біздің эрамызға дейін Қытайды тізе бүктірген ғұн патшасы Мөде қағанның тарихын біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Мұндай көне тарих посткеңестік мемлекеттерде кімде бар? Ал сақ дәуіріндегі алтын адамдар ше? Ол — ежелгі Мысыр пирамидаларынан кейінгі ерекше көзге ұратын тарихи құбылыс. Қазақ археологтары қазба жұмыстардың нәтижесінде ежелгі сақ тұрмысы мен қазақтың ХVІІІ ғасырдағы тіршілігінде айырмашылық жоқ деген көзқарасты ұстанып отыр.

«Еуроцентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабасы саналатын этностық топтар ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ», — дейді Елбасы. Иә, бұл шын мәнінде әлемдік деңгейдегі өте терең сұрқия саяси ұстаным болып келді. Еуроцентристік көзқарас бұдан әрі түркі тарихын бұғаулап ұстап тұра алмайды. Себебі, түркі тұқымдас елдердің қолы тәуелсіздікке жеткелі ширек ғасырдан асып, іргесі нығайып, мемлекет құрап, өзінің түбін іздей бастады. Осы мәселеге келгенде, бүкіл түркі мәдениетінің тарихтағы орнын көрсетуге Елбасы тағы да бірінші болып, біртұтас түркі елдерінің келешегі үшін аса қажетті идеяларын ортаға салып отыр», — дейді ол.

Оның айтуынша, Елбасы тарихи-мәдени жетістіктеріміздің үш қайнар көзін атап көрсетіп отыр. Олар қазақтың ұлттық этногенездік тамырын тану мәселесі, Ұлы даладағы бабаларымыздың қол жеткізген биіктерінің сырттан клемегендігі, сосын Ұла далының жаһандық тарихтағы орны. 

«Міне, осы үш мәселенің басы ашылып, қоғамдық түсінікке бойлап енгенде ғана Қазақстанда толық мәнді бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіп шығатынына сеніміз кәміл болады. Мәселен, Ботай мәдениеті жылқы түлігінің қазақ даласында алғаш рет қолға үйретілгендігінің дәлелі екенін дүние жүзі тарихшылары мойындап отыр. Тарихшылардың тілімен айтқанда, бұл жаңалық, яғни адам баласының жылқыға тақым салуы — бүгінгі аспан әлемін бағындырып жатқан космос кемелерінің, зымырандардың шығуынан кем емес құбылыс. Бұл жетістік әлемде алғаш рет біздің ата-бабамыздың қолынан келді. Мақтаныш па? Әрине! Әлем халқының бүгінгі киім үлгісінің түп-төркіні көшпенділердің атқа міну мәдениетінен бастау алады екен. Былай қарағанда, аса бір айта қаларлықтай болып көрінбегенімен, осы бір ойдың негізінде көшпенділердің әлем өркениетіне қосқан өзіндік үлесі жатыр. Мысалы,  қару-жарақ асынған Рим мен Батыс жауынгерлерін бүгінде ұрпақтары аспан сайбақ қылып, асыра мақтан қылып жатқанда, темір құрсанған Еділ патша әскерлері әлемді дүр сілкіндірді. Кезінде тас қашаған түркілерді түп-тегі темір өңдеуді кәсіп қылды. Шыңғыс ханның азан шақырып қойған атының өзі темірмен байланысты болуы да тегін емес. Жезқазған даласында қола дәуірде сақтардың, мұны қытай тарихшылары айтқандай үйсіндердің алтын, күміс өндіріп, оның өңдеу технологиясын меңгеруі, алтын адамдар арқылы  әлем жұртшылығын мойындатып отыр. Кезінде қытай патшалары ғұндармен соғысу үшін атқа міну керектігін, олардың қару-жарағын асынып, киімін киіп, соғыс тактикасын үйрену керектігін түсініп, бұл шараларды мемлекет деңгейінде жүзеге асырған. Сол кезде түркінің жауынгерлік болмысы бүкіл әлемге үлгі болды. Елбасы аң стилін де ұлы даланың жеті қырының біріне балап, ерекше бренд ретінде таңдап алып отыр. Көшпенділердің киген етігінің басы өрге қарай қайқы болып келеді. Басы қайқы етік шөп тамырына зиян келтірмейді. Табиғатты түсінуге тырысқан бабамыздың ұлы қасиеті осындай. Көшпенділердің жануарлар бейнесін өрнектеуі — адам баласының қол жеткізген жетістіге болып саналатын өнер. Өздері біте қайнасып өмір сүрген табиғатты көшпендіден артық түсінген халық жоқ шығар, сірә», — деді ол.

Кітапхана директоры ұлы даланың ұлы ойшылдары туралы да тілге тиек етті.

«Әлемде Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған әл-Фараби бабамыз, суфизмнің негізін салған Қожа Ахмет Ясауи, ғалым Мұхамед Қашқари, дәрігер Өтейбойдақ секілді әлемдік деңгейдегі тұлғаларымыздың еңбектерін оқып, үйренуде кемшін тұстарымыз жетерлік. Әсіресе, тарих жазу ісінде алаңдаушылық психология әлі де  санамызда сыр беріп отыр.  Осы стереотипті жоюға Елбасының осы мақаласы түрткі болатынына сенімдімін. Жалпы, түркі әлемінің дүниежүзілік тарихта жеткен жетістігі, оның Тәңірлік дүниетанымы мен салт-дәстүр болмысында алатын орны бар екенін мойындауымыз қажет. 

«Қоғамда біздің тарихымыз терең еді, үкімет жергілікті түрде назар аудармай отыр» деген түсінік бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Ал енді осы олқылықтың орнын толтыратын уақыт келді. Елбасы әр мәселені өзінің пісіп-жетілген уақтысында көтереді. Яғни ата-бабамыздың кім болғанын, қазақы түсініктің тамыры тым тереңде жатқанын алдымен өзіміз оқып үйреніп, содан кейін өзгеге түсіндіретін кез жетті. Осының бәрі — ұлттық идеологияға қызмет ететін құрал. Ұлы даланың тарихы көп қырлы, терең сырлы. Санай берсек, шыға береді. Алайда, Ұлы даланың жеті қыры дегенде, Елбасы жеті санын тегін алып отырған жоқ. Жеті — қазақта қасиетті сан. Сенің қасиетің тегіңде жатыр деген ойды меңзеп тұр», — деп қорытындылады А.Байұзақов.

Айта кету керек, 21 қарашада Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жариялаған болатын.