Бортсерікте коронавирус анықталды: қандай шара қолданылды
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 49 адамға жетті. 25 адам – Нұр-Сұлтанда, 22 адам – Алматыда және екі адам Қарағандыда тіркелді
АЛМАТЫ, 20 наурыз – Sputnik. Алматыда 20 наурызда тағы үш адамнан коронавирус анықталды. Олардың бірі — бортсерік, деп хабарлады Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.
«Берлин-Алматы чартерлік рейсінің бортсерігі. Ол 12 наурыздан бастап жұқпалы аурулар ауруханасында карантинде болды», — деді Әбілдаев.
Екінші науқас — 1997 жылы туған ер адам. Ол 19 наурызда түнде Париж – Минск – Алматы рейсімен ұшып келді. Провизорлық ауруханаға карантинге жатқызылды. Бүгін қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды», — деді басқарма басшысы.
Үшінші пациент Алматы қаласының тұрғыны, ол шетелден келген адамдармен байланыста болған. Құрғақ жөтел, тамақтың қырылдауы, кеуде тұсының ауруы, құлақтың бітелуі сияқты вирус белгілеріне байланысты 18 наурызда одан COVID-19-ға сынама алынды. Нәтижесі оң болып, науқас дереу стационарға оқшауланды.
«Алматы қаласында коронавирус анықталған жиырма науқастың жағдайы қанағаттанарлық, ал екі науқас орташа жағдайда жатыр», — деді басқарма басшысы.
Қазір қалада провизорлық карантинде 696 адам, үй карантинінде 1108 адам жатыр.
Айта кетсек, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 49 адамға жетті. 25 адам – Нұр-Сұлтанда, 22 адам – Алматыда және екі адам Қарағандыда тіркелді.
sputniknews.kz