Бөрлінің волонтерлеріне бәрі риза
Бастаманың басында Ақсай қаласының №1, 2, 4, 6, 7 мектептерінің оқушылары және Ақсай техникалық колледжінің студенттері тұрған екен. Ұйымның атауын «GOLD» деп қойған да солар. Волонтерлік корпус өз ішінен 4 бөлімге бөлінген. Жалғызілікті қарттарға көмектесу – жастар жоспарлаған жұмыстардың бір бағыты ғана.
– Жыл бойы біздің волонтерлер әр түрлі бағыттағы шараларға белсене қатысты, – дейді Бөрлі аудандық жастар ресурстық орталығы Ақпараттық-талдау бөлімінің қызметкері Айкөркем Қуатова.
Жалғызбасты қарт адамдарға көмек, әсіресе, қыс кезінде керек. «GOLD» волонтерлік корпусы құрыла салысымен іске кірісіп кетті. Оның үстіне дәл осы кездері Қазақстан бойынша «100 нақты көмек», облыста «Жәрдем» акциясы өтті. Бөрлінің «алтын» балалары 2018 жылдың ақпан, наурыз айларында осы акциялар аясында 16 мәрте шара ұйымдасып, үлкендердің алғысын алды. Өз бастамаларымен қазан мен қараша айларында «Үлкенге құрмет» акциясын өткізіп, тағы 7 отбасына көмек көрсетті.
«Біздің жастар ресурстық орталығының әдіскерлері әр ауылда бар», дейді Айкөркем. Осы әдіскерлердің ұйымдастыруымен шағын ауыл жастары да сауапты іске жұмыла кеткен. Сөйтіп, Бөрлі ауданына қарасты Ақсу, Өспен, Қарақұдық, Бумакөл ауылдарында да қамкөңіл жандарды қуантқан қамқорлық акциясы өтті. Ал қазір аудандағы барлық 13 ауылдық округте желілік жоспар құрылып, қарттарға көмектесу ауыл белсенділерінің әдеттегі шаруасына айналды.
Айкөркемнің қойын дәптерінде Ақсай қаласы бойынша жеке үйде тұратын мүгедек және жалғызбасты 20 адамның тізімі жазулы тұр. Аудан бойынша 12 соғыс ардагері де ерекше назарға алынған. Кімге қандай көмек керек, кімнің қандай мұқтажы бар – жастар жіті қадағалап отырады.
– Елбасының Жастар жылының салтанатты ашылуында сөйлеген сөзін бәріміз тыңдадық. Соның ішінде волонтерлік қозғалыс туралы айтқанда, ерекше сезімде болдым. «Студенттер қауымы – еріктілік пен қайырымдылықтың қуатты ресурсы. Бұл жас адамдардың еңбек нарығына жедел бейімделуіне және олардың әрі қарай өз жолын табуына септігін тигізеді. Мысалы, халықаралық бағалау бойынша әлемнің ең ірі 300 компаниясы қызметкерлерінің үштен бірі апта сайын жұмыс уақытының 1 сағатына жуығын волонтерлік қызметке жұмсайды. Үкіметке волонтерлік қызметпен белсенді айналысатын ЖОО студенттерінің стипендиясын 30%-ке дейін көтеруді тапсырамын» дегенде, біздің былтырдан бері айналысып жүрген жұмысымыздың еленгеніне, мемлекеттік дәрежеде қолдау тапқанына ерекше қуандық, − дейді Айкөркем.
Әрине, бөрлілік ерікті жастарды аудан әкімдігі де барынша қолдап келеді. 2018 жылды қортындылаған «Жомарт жүрек» байқауында «GOLD» волонтерлік корпусының еріктісі Айнэлла Арманова «Үздік волонтер» атанса, осы топтың тағы бір мүшесі Ақнұр Қалила «Жыл үздігі-2018» жастар сыйлығына ие болды.
Қазіргі таңда Ақсай қаласында 32 волонтер Жастар ресурстық орталығының жас мамандарымен бірлесе түрлі шараны ұйымдастырып жүр.
Биыл Батыс Қазақстанда қар қалың, боран көп. Жақында ғана ақсайлық еріктілер күрек-құралдарын алып, Совет көшесіндегі №36 және №118 үйлердің ауласын қардан тазартып берді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/