Боранды күні тұрып қалған көліктерге тұрғындар 1300 теңгеге нан сатқан
Ақтөбе облысында далада қатып қалған шетелдіктер аштықтан құтқарылды. Жолаушыларға толы алты автобус Хромтау ауданының маңында екі тәулікке тұрып қалған. 80 адам, оның ішінде балалар тамақсыз қалды. Олардың барлығы Өзбекстан тұрғындары, — деп хабарлайды КҚК.
Өңірде үшінші күн боранды ауа-райы. Бесінші ақпанда түнгі 11-де барлық бағыттар бойынша жолдар ашылды, бірақ таңғы төртке қарай қолайсыз ауа-райына байланысты Самара — Шымкент республикалық тас жолының учаскесін қайтадан жабуға тура келді.
Нәтижесінде Хромтау мен Қарабұтақ кентінің маңында тағы да автокөлік жиналған. «Қазавтожол» қызметкерлерінің мәліметінше, күннің бірінші жартысында жабық жолдарда мыңнан астам жүк және 400-ге жуық жеңіл көлік болған. Осы уақытта автокөлік жүргізушілерінің айтуынша, жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары оларға 1300 теңгеден нан сатқан. Алайда шенеуніктер мұндай бағалар болуы мүмкін емес деп санайды.