Боранбаеваға тиесілі. Қазақстан Швейцарияда бұғатталған бірнеше миллион доллардан бас тартты

Қазақстан билігі Швейцарияда бұғатталған 212 миллион АҚШ долларына қатысты шағымынан бас тартты. Осыдан кейін Швейцарияның Федералдық қылмыстық соты бұл қаражатты шешуге рұқсат берді. Аталған сома сотталған кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың жары Шолпан Боранбаеваға тиесілі болуы мүмкін, деп хабарлайды Kznews.kz порталы «Власть»-қа сілтеп.
2022 жылдың маусымында Қазақстан билігі Швейцарияның Бас прокуратурасына Боранбаевтар отбасының шоттары туралы ақпарат сұратып, банктік құжаттарды талап еткен. 2023 жылдың маусымында швейцариялық сот бұл есепшоттарды бұғаттап, Қазақстанға құжаттарды жіберуді мақұлдаған болатын.
Алайда, кейіннен Қазақстан билігі бірнеше рет ресми хат жолдап, бұл қаражаттың заңсыз жолмен келгеніне нақты дәлел жоқ екенін мәлімдеді. Осыған байланысты Швейцария соты 2025 жылдың қаңтарында есепшоттарға қатысты барлық шектеулерді алып тастау туралы шешім шығарды.
2023 жылы Қайрат Боранбаев «ҚазТрансГаз» компаниясынан 14,5 миллиард теңгені жымқырды деп айыпталып, 6 жылға сотталған еді. Бірақ ол шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығып, мемлекетке активтерін қайтаруға келісті.
2024 жылдың мамырына дейін ол жалпы құны 134,5 миллиард теңгені құрайтын бірнеше активін қайтарды.
2021 жылы Forbes журналы Қайрат Боранбаевтың байлығын $590 миллион деп бағалаған. Алайда, 2022 жылдан бастап ол Forbes рейтингтерінен мүлдем түсіп қалды. Бұған дейін Боранбаев «Қайрат» футбол клубының негізгі иесі болғаны айтылған еді.