Болтон Трамптың Путинмен кездесу шартын атады
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон президент Дональд Трамп Мәскеу украиналық әскери кемелер мен теңізшілерді тұтқыннан босатпайынша Ресей президенті Владимир Путинмен кездеспейтінін мәлімдеді.
Болтон 13 желтоқсан күні журналистерге «Кемелер мен олардың экипаж мүшелері босатылмайынша, таяу арада кездесу өткізетіндей себеп көріп тұрған жоқпын» деді.
Ресей шекарашылары 25 қараша күні Қара теңіз бен Азов теңізін жалғайтын Керчь бұғазында Украинаның үш әскери кемесіне оқ атып, 24 теңізшісімен бірге тұтқындаған.
Мәскеу кемелер Қырымға жақын теңізде Ресей шекарасын бұзды деп айыптайды. Мәскеу 2014 жылы Украинадан аннексиялап алған Қырым мен оған жақын теңіз суларын Ресейге өз еркімен қосылған аумақ деп санайды.
Украина Қара теңізден шыққан кемелері Азов теңізіне баратыны алдын ала хабарланғанын, шекара бұзды деген айыпты терістейді. Ресми Киев пен НАТО Қырымды Ресей жері деп мойындамайды.
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг 13 желтоқсан күні Ресей тұтқындағы кемелер мен теңізшілерді дереу босатып, Украина кемелерінің Азов теңізіндегі порттарға баруына еркіндік беруі керегін мәлімдеген.
«Бұл әрекет — Ресейдің тұрақтылықты шайқалту саясатының бір көрінісі. Біз Ресейдің Қырымды аннексиялап алғанын қатаң айыптаймыз» деді Столтенберг.
Кремль бұған дейін Путин мен Трамп 1 желтоқсан күні Аргентинада өткен «Үлкен жиырмалық» елдерінің саммиті арасында Керчь бұғазындағы жанжалды аз-кем талқылағанын хабарлаған.
Саммит қарсаңында Трамп Керчь жанжалына байланысты Путинмен ресми түрде кездеспейтінін мәлімдеген.
Дереккөз: Азаттық