Болат қолда балқыған бояулар

0

Тарих парағына үңілсек 1920-1930 жылдары көптеген суретшілер өндірістік тақырыпқа қазығушылық танытқанын байқаймыз. Кезінде бұл тақырып тек ресми мемлекеттік саясаттан ғана қолдау тауып қойған жоқ. Жаңа фабрикалар мен зауыттардың құрылысы жер-жерлердегі жаңа өзгерістердің көрінісі болды. Адамдардың жаңашылдыққа көзқарасын, ескі мен жаңаның қайшылығын, уақыт тынысын кейбір  картиналар әдеби шығармалардан да дәл берді. Сол себепті өндірістік тақырыпта жазылған туындылардың барлығын бірдей тек тапсырыспен жазылған шығарма деп айту қиянат секілді. Кейбір картиналардың өне бойында, әр бояуында ғасыр жүгі жатқандай көрінеді.

Кемеріне келген талант иесі дәл осы 1936  жылы оңтүстіктегі өндіріс ошақтарының біріне шығармашылық іссапармен келіпті. Ауыр еңбекпен арпалысқан қарапайым адамдардың тыныс-тіршілігін, болмыс-бітімін, өмірінің шуағы мен көлеңкесін сурет тілінде сөйлетуге күш салыпты. Қазақ даласына алып келген сәулелі сапар оның шығармашылығын шырқау биікке көтеріп, өміріне ерекше әсер қалдырған. Бұлай дейтініміз, қылқалам шеберінің жан тебірентер жанды образдары, көптің көзайымына айналған ең бір көрнекті шығармалары осы қазақ жерінде жазылса керек. Мұны суретшінің Қазақстан туралы естеліктерінен де анық байқауға болатындай. Өнертанушы Галина Сырлыбаева даңқты суретшінің осы сапарда туған картиналарының жазылу мәнері туралы былайша баяндайды: «Қысқа мерзімдік шығармашылық іссапардың өз шарттары бар. Жұмыстарының көбі алдын-ала нобайы салынбай-ақ, форманың кескіндемелік-пластикалық түсіндірмесімен көрсетіліп, ерекше жігермен орындалған  шағын форматтағы этюдтер. Кескіндемелік палитра барынша жұпыны, өңірдің табиғи ерекшеліктеріне сай нақты түстік жинақпен шектелген: қызыл қоңыр, көлеңкедегі қара және суық сұр көк қосылған әр түрлі қоңыр түстерді пайдаланады. Акварельдік парақтардағы ‒ тәсіл басқаша. Зауыт интерьерлерінің бейнесіндегі барынша ықшамдылыққа қарамастан, суретші еңбек процесінен, өнеркәсіп жабдықтарының бөлшектерінен, жұмысшылардың сенімді қимылдарынан қайталанбас ерекшеліктерді тапқысы келеді».

Өткен дәуірдің жарқын образдарын туындатқан суретші ретінде Лидия Литвиненконың «Қазақстан индустриясының тууы» атты жеке көрмесі елімізде 1972 жылы ұйымдастырылыпты. Нақ осы картиналардың бір парасын сол көрме өткеннен кейін қылқалам шебері музей қорына өз қолымен сыйға тартқан. Араға ширек ғасыр салып Ә. Қастеев атындағы Өнер мұражайында суретшінің қазақ жерінде жазылған отты картиналары көрермен назарына  қайта ұсынылды.  Көрме «Лидия Литвиненко: Ащысай руднигін қылқаламмен бағындырған. Кескіндеме. Графика. 1935-1936» деп аталыпты. Экспозициядан орын алған әр туындының өз тарихы бар. Әсіресе, жанарын от қарыса да қаймықпай, болат қолдың құдіретімен темір балқытқан еңбеккерлердің қайсарлығын дәл бейнелеген картиналар бірден көңіл баурайды.

Болат қолда балқыған бояулар…

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/