Болат Назарбаевтың дені сап-сау, ол жауапкершіліктен жалтаруға тырысып жатыр – Ибраш Нүсіпбаев

0

Ол «Болат Назарбаев ұзақ уақыттан бері төсек тартып, ауырып жатты дегенге сену қиын» деген пікірде.

Осыдан біршама уақыт бұрын «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының жетекшілері тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев ұзақ уақыт Германияда ем қабылдап, қиын кезеңді бастан кешіп жатқанын хабарлаған.

Сондай-ақ өткен жылдың желтоқсанында Болат Назарбаев шетелде ем алып, кейін дәрігерлердің бақылауымен елге жеткізілген. Содан бері Бөкең жүріп-тұрудан қалып, төсек тартып жатса керек.

«Салиқалы ұрпақ» қорының өкілдері Болат Назарбаев өлім мен өмірдің арасында жатқанда өзінің бизнес құрылымдарын бақыламағанын, дүние-мүлкіне айналасындағылар бас-көз болғанын мәлімдеді. Тіпті, қаңтар оқиғасы орын алмай тұрып Болат Назарбаевтың денсаулығы күрт нашарлап, жанымен қайғы болып кеткен.

Бұл ретте Қырғызстанның шекара қызметінің 2022 жылдың 6 қаңтарында таңғы сағат 05:30 шамасында Бөкеңнің «Ақ жол» бақылау-өткізу пунктінен өз аяғымен өтіп, 7 қаңтарда Бішкек әуежайы арқылы Дубайға ұшып кеткені жайындағы мәліметті алға тартады.

Болат Назарбаевтың дәл сол күні Дубайды бетке алғанын Flightradar24 сервисі де растайды.

Ибраш Нүсіпбаев Болат Назарбаевтың қоры өзінің қожайыны жайында шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратып, Болат Назарбаевты қаңтар оқиғасына қатысы жоқ, судан таза, сүттен ақ адам ретінде көрсетуге күш салып жатқанын алға тартыпты.

Мұндай жағдайда дімкәс адамның дүние-мүлкін тәркілеу де адамгершілікке жатпайтыны анық.

Осы жайттарды ескеріп, Болат Назарбаев қатты науқас адамның кейпіне еніп, мемлекетке опасыздық жасаушылардың сапынан сытылып шығуды көздеп отыруы мүмкін деп топшылапты.