Болат Назарбаев иелік еткен машина зауытының жері мен үлкен нысаны мемлекетке қайтарылды

0

Алматы прокуратурасы Алматы ауыр машина жасау зауытының жылжымайтын мүлкін мемлекетке қайтарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ПРОКУРАТУРА НЕ ДЕЙДІ

Бұған дейін Алматы қаласының прокуратурасы зауыт мүлкін заңсыз сату фактілерін анықтаған. Қала прокуратурасының қадағалау актісін орындау шеңберінде мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті сотқа мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен жүгінген.

Талап-арыздың мазмұны зауытқа 37 га астам жер учаскесін және жалпы ауданы 79 966 м2  құратын 94 тұрғын емес үй-жайды қайтаруға байланысты болды. Сот талапкердің талаптарын қанағаттандырды, апелляциялық саты шешімді күшінде қалдырды, – деп хабарлайды құзырлы орган.

ЗАУЫТ ЖАЙЛЫ

Алматы ауыр машина жасау зауыты – металлургия кәсіпорындарына прокат жабдықтарын, көпшілік тұтынатын басқа да бұйымдарды шығаратын ірі кәсіпорын. Зауыт 1941 жылы көшіріліп әкелінген Луганск паровоз жасау зауытының үш цехы негізінде құрылған. 2023 жылы бұқаралық ақпарат құралдары Болат Назарбаев «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ акцияларының 31,9%-ын мемлекетке қайтаруға міндеттелгенін жазған еді. 1998 жылы мемлекеттік мүлік департаменті Алматы ауыр машина жасау зауытының жарғылық қорының 31,9% акциясын «Темір Кон» кмпаниясына 105,3 млн теңгеге сатқан. 2007 жылдың сәуірінде «Темір Кон» ЖШС Алматы ауыр машина жасау зауытының 86,78% акциясын Болат Назарбаевқа сатқан.