Болат Бақауовтың қылмыстық ісі сотқа түсті

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Тергеу бұрынғы өңір басшысына қатысты қылмыстық істің бабын өзгертті. 361-баптың жазасы жеңілдеу, жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған

НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр – Sputnik. Павлодар қаласының қылмыстық істер бойынша №2 сотында облыстың экс-әкімі Болат Бақауовтың ісі қаралады. Алғашқы отырыс сәрсенбіге – 27 мамырға белгіленген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Тергеу кезінде аймақтың бұрынғы басшысы Қылмыстық кодекстің 362-бабы, 4-бөлімінің 3-тармағы – «өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану» бойынша жауапқа тартылған болатын. Бұл тармақ бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Сондай-ақ, сотталған адамның мүлкі тәркіленеді.

Павлодар облысының бұрынғы әкімін үйқамақта ұстау мерзімі ұзартылды 

Алайда сотқа түскен қылмыстық істің бабы өзгертілді. Енді экс-әкімге Қылмыстық кодекстің 361-бабы, 4-бөлімінің 3-тармағы – «ауыр салдарға әкеп соққан лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану әрекеттер» бойынша айып тағылып отыр. Бұл баптың жазасы жеңілдеу, жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.

Бұдан бөлек, Павлодар облысының бұрынғы басшысының қылмыстық ісі жеңілдетілген тәртіппен қаралады. Себебі Болат Бақауов прокурормен процессуалды келісімге келді.

Бақауов не үшін жазаға тартылды?

Тергеу материалдарына сәйкес, 2019 жылы қыркүйек айында Павлодар облыстық мемлекеттік кірістер департаменті «AksuTransLogistic» ЖШС-іне тексеріс жүргізіп, 2014-2018 жылдар аралығында бюджетке салық төлеу есебін қарап шыққан. Сол кезде кәсіпорынның 200 миллионнан астам теңгенің (530 мың доллар) салығын төлемегені анықталды. Ал компанияның жалғыз құрылтайшысы сол кездегі облыс әкімі Болат Бақауовтың туысы болып шықты. 

2019 жылы желтоқсан айында Болат Бақауов тексеріс жайында естіп, өзінің лауазымдық өкілеттіліктерін пайдалану арқылы тексерістің нақты нәтижесін көрсетпеуді, ал төленбеген салықтың көлемін 5 миллион теңгеге дейін азайтуды талап еткен. Осыдан кейін аймақ басшысы қамауға алынған болатын.

Павлодар облысының бұрынғы әкімі биыл қаңтар айында екі айға қамауға алынды. Бірақ ақпанда денсаулығының нашарлауына байланысты тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырылды.



sputniknews.kz