«Болашақтан үміт күтеміз»: Отандық кәсіпкерлер карантин кезінде қайтіп жан бағуда? — Қазақстан жаңалықтары

0

Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы экономика үшін оңай соқпайтыны айдан анық. Қазақстандық кәсіпкерлер де зардап шегуде, кейбір сарапшылар мемлекет тарапынан қолдау болмаса, біраз шағын және орта бизнес өкілдері жабылып қалады деген болжам жасайды. Stan.kz тілшісі бірнеше отандық кәсіпкерлермен хабарласып, мемлекет көрсетіп жатқан қолдауына көңілдері тола ма, қазіргі жағдайда қалай күн көріп жатыр деген сауалдарды қойды.

«Mamma mia» мейрамханалар желісінің жетекшілерінің бірі Азат Битанов мемлекеттің шағын және орта бизнес өкілдеріне көрсетіп жатқан қолдауы көңілінен шығатынын айтады. Оның пікірінше, біздің елде қабылданған шаралар көрші Ресейдікімен салыстырғанның өзінде әлдеқайда жақсырақ.

«Ресейдікімен салыстарғанда, жаман емес, мемлекет пен президентке төтенше жағдай кезінде бизнес пен азаматтарды қолдауға арналған шаралар үшін алғыс білдіруіміз қажет. Елде төтенше жағдайды енгізу бізге мейрамханалар ғимаратын жалға алу бойынша шарттардағы форс-мажорды мойындатуға мүмкіндік берді. Сонымен бізге жалға беру үшін есептелетін төлем азайтылды не тоқтатылды. Біз сонымен қатар 1 АЕК көлеміндегі азаматтарға жасалатын әлеуметтік көмек үшін де ризамыз. Біздің қызметкерлеріміздің біразы қаланың сыртында тұрады. Олар қазір жалақысыз қалды. Сондықтан мемлекеттен бөлініп жатқан көмек шамалы болса да қызметкерлеріміздің кәдесіне жарайды деген үміттеміз. Егер төтенше жағдай тәртібі ұзарып кетсе, онда мемлекет Жол картасы шеңберінде жұмысқа шығуға мүмкіндік береді. Бұл да бірнеше мыңдаған отбасыны қолдауға көмектеседі деген ойдамын», — деді кәсіпкер. 

Елде ұсынылып жүрген жалықтық салықтардан босату сияқты шараға қатысты Азат Битанов «Жалақы салықтарынан толығымен кәсіпкерлерді босату жақсылыққа апармайды деп ойлаймын. Себебі, біздің төлейтін салықтарымыздан мемлекет бізге, азаматтарға, біраз жақсылық жасап жатыр. Әлеуметтік төлемдер мен салықтарды кешіктірген жағдайда, мәселен, аяғы ауыр келіншектер бала күтіміне қатысты төлемдерін уақытылы ала алмайды. Сонымен қатар, індетпен күнделікті күресіп жатқан дәрігерлер, медиктер, полиция қызметкерлері сияқты бюджеттен жалақы алатын азаматтар туралы ұмытуға болмайды. Олардың барлығына жалақы біздің салығымыздың есебінен төленеді. Бұған дейін президент онсыз да шағын және орта бизнесті салықтан босатқан болатын», — деген пікірде кәсіпкер. Ол мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау онсыз да жеткілікті дейді. 

Шамалы болса да күн көру үшін кәсіпкер қазір мейрамханалардың жартысы үйге жеткізу қызметін көрсетіп жатқанын айтады. Мейрамханалар желісінің нарықтағы ұзақ жылдар бойғы беделі мен тәжірибесі, тұтынушыларының сенімі тапсырыс алуда септігін тигізіп жатқан көрінеді. 

Қызметкерлерді қысқарту мен компанияда қабылданған шараларға қатысты кәсіпкер: «Өкінішке орай, қаланың сыртында тұрып жатқан қызметкерлерімізге көмектесе алмадық. Біз тиесілі жалақысы мен жыл сайынғы берілетін демалысақыларын төледік. Қалада тұратын қызметкерлерді бірнеше топқа бөлдік, бірі — ақылы демалыстарында, басқалары — мәзірімізді үйге жеткізу қызметін көрсетуде. Жуырда демалыстағы топ жұмысқа шығады, ал қазір жұмыс істеп жатқандар — демалысқа. Осылайша қызметкерлеріміз бен олардың отбасыларын қолдай аламыз деген үміттемін», — дейді ресторатор.

Еліміздегі таанымал AB Restaurants мейрамханалар желісінің атқаарушы директоры Рүстем Тасмұқанов та қолдан келгенше қызметкерлерін қолдауға тырысып жатқандарын айтады.

«Басқа әріптестеріміз сияқты барлық мейрамханаларды жаптық, екі-үш мейрамхана ғана қазір жұмыс істеп жатыр. Орталық кеңсемізді де жаптық. Мемлекеттің қолдауына зәруміз, әрине. Банктер несиеміздің төлемдерін шегеруге келіскендей болды. Орта және шағын бизнесте  ақшаны сақтап-жинау деген болмайды. Өйткені ақша түскен сайын оны жаңа нүктелерді ашуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсаймыз. Ал қызметкерлеріміздің жалақылары болашақ түсімдерден төленеді. Қазір енді болашақтан үміт күтеміз, карантин ұзаққа созылып кетпейді деп сенеміз. Бизнесті қалпына келтіру үшін әрине мемлекеттің көмегі қажет. 8 пайызбен берілетін несиелер бар, бірақ әлі олардың берілу механизмі шамалы түсініксіздеу», — дейді кәсіпкер. 

Рүстем Тасмұқановтың айтуынша, мейрамханалар ғимаратын жалға берушілер де қазір қол ұшын созып, жалға беру ақысын төлемеуге рұқсат етті. Себебі пандемия форс-мажорлық шарттарға жатады. Сондықтан қазір әңгіме бизнесті уақытша «қатырып қою» жөнінде ғана жүріп жатыр. Кәсіпкер сонымен қатар қызметкерлерін толығымен сақтап қалғандарын, ешкімді қысқартпағандарын жеткізді. Тек бір бөлігі қазір қызмет етуде, қалғандары — демалыста. 

 

Автор: Жанар ЖАНСЕЙІТ

 

 

stan.kz