«Бөгет жарылып, адамдар қашып жатыр»: Алматы облысындағы тасқынға қатысты видеоны әкімдіктегілер түсіндірді

0
6667

Әлеуметтік желіде Алматы облысының Нұрым ауылынан жеті шақырым жердегі бөгет толып кетіп, адамдардың қашып жатқан видеосы тарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Видеоның сипаттамасында түнде бөгеттегі су толып, ауыл жаққа ағып жатқаны жазылған. Мұны байқаған жергілікті тұрғындар судың біраз бөлігін ағызып алу үшін апатты құлыптарды өз беттерімен ашпақ болған, бірақ нәтиже болмады. Осыдан кейін дүрбелеңге түскен халық көршілес Басшы ауылына шұғыл эвакуациялана бастағаны айтылады.

Кербұлақ ауданының әкімдігі видеоға қатысты пікір білдіріп, бөгеттің жай-күйін хабарлады.

«Қазіргі уақытта бұл су айдынында су қоймасы мен екі магистралды канал қалпына келтірілуде. Қайта жаңғыртуға байланысты барлық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ су қоймасына судың құйылуы аудан әкімдігі мен облыстық төтенше жағдайлар қызметінің тұрақты бақылауында», — делінген хабарламада.

Желіде тарап кеткен видеоға келсек, Нұрым ауылының тұрғыны видеоны түсіріп жатқан сәтте мердігер мекеме алдын ала дайындалған арықтарға суды жоспарлы түрде ағызғаны анықталды.

«Облыстық төтенше жағдайлар қызметі мен аудан әкімдігі өкілдерінің жедел шығуы ұйымдастырылды. Ағымдағы жағдай бағаланды. Бұл су айдыны Нұрым ауылының тұрғындарына қауіп төндірмейді. Мердігер компания тарапынан қосымша уақытша канал қазылды. Қазіргі уақытта су нысаны бақылауға алынды және халыққа қауіп төндірмейді», — деп қосты әкімдіктегілер.

Тексеру нәтижелері бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында суды ағызу клапанының ақауларын жою және су қоймасына тәулік бойы мониторинг жүргізуді ұйымдастыру ұсынылды.

“Қазіргі уақытта су қоймасы лайдан тазартылды. Жоспар бойынша ұзындығы 15 шақырымды құрайтын суару желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны 1,3 млрд теңгені құрайды”, – деп хабарлады әкімдік.