Блок-бекеттер мен нысандардың жұмысын шектеу: Қазақстанның тағы бір аймағында карантин күшейтілді

0
125

9 қарашадан бастап Павлодар облысында бірқатар шектеу шаралары қабылданады. Бұл туралы ақпарат үкіметтің ресми сайтында жарияланды.

Ералы Тоғжанов қазан айының қорытындысы бойынша өңірде тіркелген СOVID-19 фактілерінің үш есеге өскенін атап көрсетті. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру қажеттігіне ерекше назар аударды.

Ведомствоаралық комиссияның төрағасы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша облыс әкімдігіне 2020 жылдың 9 қарашасынан бастап бірқатар шектеу шараларын қабылдауды, атап айтқанда:

  • Павлодар қаласының периметрі бойынша блок-бекеттер орнатуды;
  • күн сайынғы өсімі 10-нан астам жағдайды құрайтын елді мекендерде санитарлық блок-бекеттер орнатуды;
  • келесі бағыттар бойынша әуе қатынасын қысқартуды:

Павлодар-Алматы аптасына 10 рейстен 5 рейске дейін;

Павлодар-Нұр-Сұлтан 3 рейстен 1 рейске дейін;

Павлодар-Шымкент аптасына 2 рейстен 1 рейске дейін;

  • Павлодар-Алматы бағыты бойынша теміржол тасымалдарын аптасына 7 реттен 3 ретке дейін қысқартуды;
  • жолаушылар теміржол құрамдарының облыс ішінде аялдауына (облыс әкімдігі белгілеген жерлерді қоспағанда) тыйым салуды;
  • діни объектілердің, театрлардың, кинотеатрлардың, мәдениет объектілерінің қызметін тоқтата тұруды;
  • қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын сағат 20:00-ге дейін шектеуді;
  • офлайн режимде кеңестер өткізуге тыйым салуды;
  • қызметкерлердің кемінде 80%-ын қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіруді;
  • 65 жастан асқан адамдарға азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрі-дәрмектерді және медициналық бұйымдарды сатып алу жағдайларын қоспағанда, аса қажеттіліксіз тұрғылықты жерінен шықпауды ұсынуды;

Демалыс және мереке күндері:

  • қоғамдық көліктің (трамвайлар, автобустар, маршруттық таксилер) жұмысын тоқтата тұруды;
  • жабық және ашық азық-түліктік емес және азық-түлік базарларының жұмысын тоқтата тұруды;
  • моншалардың, сауналардың жұмысын тоқтата тұруды;
  • қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын тек тапсырыс берушіге жеткізу форматына көшіруді тапсырды.

«Өңір басшылығына карантин режимін сақтау бойынша мониторингтік топтардың қызметін күшейту, тұрғындар арасында карантин режимін мүлтіксіз сақтау қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды», – делінген ресми хабарламада.

Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай Үкіметтің тұрақты бақылауында.

Еске салсақ, Көкшетау маңына блок-бекеттер қойылатыны туралы жазған едік. Жалпы Ақмола облысында 9 қарашадан бастап жаңа шектеулер енгізіледі.

Оған қоса, ҚР президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Қазақстанда коронавирус инфекциясын қайта жұқтыру жағдайы болғанын айтты.

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз