Блогерлермен дауласқан талғарлық депутат жазаланды

0

Алматы облысының полициясы Gelandewagen тізгіндеген талғарлық депутатқа қатысты хаттама толтырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Өңірлік Полиция департаментінің мәліметінше, 60 жастағы жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің екі бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

«Mercedes-Benz G500 жүргізушісіне 597-бап, 4-бөлік бойынша хаттама толтырылды. Ол бойынша 10 АЕК яғни 29 170 теңге көлемінде айыппұл көзделген. Сонымен қатар, 595-баптың, 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Бұл тармақ бойынша 5 АЕК яғни 14 585 теңге көлемінде айыппұл жазылды», — деді Алматы облысы ПД өкілдері. 

Еске салайық, Талғарда блогерлер Жанар Құсайынова мен Ринат Қибраев аудандық мәслихат депутатын тұраққа көлік қою ережелерін бұзғаны үшін сынға алған болатын. Оқиға видеосы YouTube-тағы LIFE KZ-арнасында жарияланған.

Блогерлер Талғарда қала әкімдігінің автокөлік тұрағында «мүгедектерге арналған орын» белгісінде «Гелендваген» тұрғанын байқаған.

Олардың айтуынша, жол талғамайтын көлік жүргізушісі депутат болып шыққан. Ол мүмкіндігі шектеулі жандар санатына жатпайтынын мәлімдеді. Ескертуден кейін ер адам көлігін басқа орынға қойған.

Кейін блогерлер депутатқа жол ережелерін түсіндіруді ұйғарып, сол жерде жанжал туып кеткен.