Блогер Тоқаевқа үндеу жолдады: полиция түсініктеме берді
Қысқа сілтеме алу
Белгілі қазақстандық блогер анасын көлікпен соққан полицейге шағым жасап, мемлекет басшысына бейнеүндеу жолдады
АЛМАТЫ, 8 қараша — Sputnik. Белгілі қазақстандық блогер Әсел Баяндарова әлеуметтік желі арқылы мемлекет басшысына үндеу жолдады. Ол экс-полицей Серік Айшуақов бопсалаушылық жасағанын айтты. Өткен жылдың сәуір айында ішімдік ішкен күйінде жаяу жүргінші жолында блогердің анасын көлікпен қағып өткен.
Өзінің үндеуін Баяндарова Instagram әлеуметтік желісінде жариялады.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, өткен жылы полиция полковнигі Серік Айшуақов жаяу жүргінші жолында менің анамды көлікпен қақты. Ол мендей қарапайым дәрігер өзі сияқты полицеймен («мент, живущий «по понятиям») қарсыласа алмайтынын айтты. Қуанышқа орай, оқиға видеоға түсіп қалған», — дейді әйел.
Оның айтуынша, Айшуақов одан бар мүлкімен қоса, 35 миллион теңге тартып алуды көздеп отыр.
«Менің тамыр-танысым жоқ. Ақшам да полиция полковнигінен аз. Жалғызбасты анамын. Мүгедек бауырым мен егде жастағы анамды асырап отырмын. Мен көмек сұрап отырған жоқпын. Бұл жағдай бәрін ойландырады деп сенемін. Өйткені менің орнымда кез келген адам болуы мүмкін», — деді Баяндарова.
Баяндарованың үндеуіне жауап
Алматы полициясы блогердің шағымына бірден жауап берді. Олар зейнетке шығуына байланысты Айшуақов 2005 жылы қызметінен босатылғанын айтты. Жол апаты болған кезде Айшуақовтың Алматы қаласы құқық қорғау органдарына еш қатысы болмаған.
Сондай-ақ, қалалық полиция Серік Айшуақовқа қатысты қылмыстық іс аяқталғанын хабарлады.
Тағы оқыңыз: Полиция бастығы ат мініп, желіні шулатты: Тоқаев қатаң шара қолдануды тапсырды
«2018 жылдың 11 сәуірінде Наурызбай батыр және Қазыбек би көшелерінің қиылысында болған жол апатында Toyota Corolla көлігінің жүргізушісі 65 жастағы С.Айшуақовтың кінәсі толықтай дәлелденді. Іс қылмыстық кодекстің 345-бабы 1-бөлігіне сәйкес қаралды. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, жаяу жүргінші — Б.Асамбекованың денсаулығына орта дәрежедегі зиян келтірілген», — деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство 2018 жылдың маусым айында іс Алматы қаласы Алмалы ауданының сотына жіберілгенін хабарлады.
sputniknews.kz