Блогер президенттің желіге тіркелуі жайлы: Жұма намазға барғанын жариялай беретін әншілерден айырмашылығы қалмайды — Қазақстан жаңалықтары

0

Жуырда инстаграм желісінен мемлекет басшысының ресми парақша ашқаны жұртты таңқалдырды. Оған бір тәуліктің ішінде 300 мыңға жуық оқырман жазылып үлгерген. Бұл жөнінде халықтың пікірінде біліп көрдік.  

Блогер президенттің желіге тіркелуі жайлы: Жұма намазға барғанын жариялай беретін әншілерден айырмашылығы қалмайды  Фото:  El.kz

Әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге алғашқы ресми жұмыс сапарының барысын твиттер парақшасына жариялап отырды, деп хабарлайды Евразия бірінші арнасы.

Өз аккаунтында ол Владимир Путинмен өткен келіссөз сәтті аяқталғаны жөнінде мәлімдеді. Сондай-ақ елімізден аттанған делегациямен естелік суретке де түсті. Жалпы соңғы уақытта әлемдік аренадағы белді саясаткерлер өмірінде де әлеуметтік желінің алар орны артып барады. 

Алғаш сапарын көрші елден бастаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың твиттер желісін тұрақты пайдаланатындығынан көпшілік хабардар.

«Дұрыс болды. Бірақ, мен сенбеймін. Ия мен ойламаймын бүкіл халықпен сөйлесіп отырады деп. Қазақстанда 18 млн халық болса, оның 5 млн сөйлесіп жауап береді деп ойламаймын. Бірақ көрдім өзім инстаграмын. Көреміз енді». 

«Бәрі елдегі жаңалықты біліп отырады. Путинмен кездесуі жайлы жазған. Былайша қалыпты қабылдауға болады. 

«Біздің президентіміз бізбен осылай әлеуметті желілер арқылы сөйлесіп, сұқбаттасқанына рахмет дейміз. Қуаныштымыз».   

Саясаттанушылар бұл заман талабына сай жасалып отырған әрекет дейді. Қазір, әлеуметтік желі ақпаратты таратудың ең оңай түрі осы арқылы халықпен етене жақын байланыс орнатуға болады деген пікірде.

“Саясаткерлер де бұл үрдістен қалғысы келмейді. Олар да осы әлеуметтік желіні саяси күрестің құралы ретінде пайдалануды көздеп отыр. Оған ең жақын мысал ретінде Дональд Трампты айтсақ болады. Американың президенті оның бүгінгі таңда твиттерде 60 млн-ға жуық оқырманы бар. Бұл платформаны Трамп мырза өзінің саяси қарсыластарымен күрес құралы ретінде өте тиімді пайдаланып отыр», — деді әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарбеков.                

Осыған орай бізде әлем елдеріндегі әлеуметтік желіні белсенді қолданатын басшыларға шолу жасап көрдік. Солардың бірқатарына тоқтала кетсек, халық ең көп қолданатын желілердің бірі INSTAGRAM. Ол жерде 19 млн-нан астам жазылушысы бар Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди көш бастап тұр. Ал, екінші орында Индонезия президенті Джоко Видодо 18 млн және үздік үштікті АҚШ басшысы Дональд Трамп 12,5 млн оқырманымен түйіндеп тұр. Сәйкесінше одан кейін, Рим Папасы Франциск 6 млн, Түрік президенті Режеп Ердоған, Араб әмірлігінің премьер-министрі Рашид әл-Мактум, Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев және Германия канцлері Ангела Меркель сынды сақа саясаткерлер бар.   

Тіпті, бұл үрдістен шенеуніктерде қалыспайтын секілді. Сенаторлар да ұдайы әлеуметтік желі арқылы жұртпен байланыс орнатуды қолға алған екен.           

«Әлеуметтік желіні облыс әкімдері, министрлер, бірінші басшылардың барлығы қолданғаны дұрыс. Әрине бар, өзімде соңғы 5 жыл көлемінде бар. Мен оған жауап беріп отыруға тырысамын», — деді парламент сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.

Ал, блогер Өркен Кенжебектің сөзінше облыс әкімі болсын, мемлекет басшыларының парақшалары қазір колл центр, яғни қолдау орталықтарына айналып бара жатыр дейді.       

«Облыс әкімінің активі болды мына сапардан келдім, мына сапардан кетіп бара жатырмын деген дүниелерді сала берсе, ол жаңағы самолетінің билетін сала беретін, болмаса мешітке барған соң жұма намаздан шықтым деп сала беретін әншілерден еш айырмашылығы қалмайды. Пайдалы контент жоқ, таным жоқ. Самоирония дейді, өз-өзіне күлу жоқ. Сарказм жоқ. Әзіл жоқ. Ол бір тірі емес өлі аккаунтқа айналады. Сондықтан әлеуметтік желі қолданушылары үшін әрине қызықсыз”, — дейді блогер Өркен Кенжебек. 

Ғаламтор ашықтық алаңы. Адам әлеуметтік желіде ресмиліктен бас тартып өзін еркін көрсете білу қажет. Сонда ғана жұрт қызығып, белігілі бір саясаткерге деген ой қалыптасады. Мамандардың пікірі осы.    

 

stan.kz