Бюллетеньдерді топтап тастау туралы видеороликтің әкім сайлауына қатысы жоқ

0

Бюллетеньдерді сайлау жәшігіне топтап тастау оқиғасы бойынша видеоролик Талғар қаласы әкімінің сайлауына қатысы жоқ.

Бұл туралы Талғар аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мұхит Дүйсебаев әлеуметтік желілерде хабарлады.

Оның айтуынша кешелі бері интернетте таратылған бюллетеньдерді сайлау жәшігіне топтап тастау оқиғасы көрсетілген видеороликте учаске туралы деректер жоқ.

«Сайлау күні әр сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылаушылар мен кандидаттардың 43 сенім білдірген адамдары болды. Олар таңғы 7-ден бастап дауыс берудің соңына дейін, сондай-ақ дауыстарды санау кезінде барлық уақытта дауыс беруге арналған бөлмелерде болған. Барлық қатысушылар бір мезгілде дауыс берудің соңғы қорытындыларының куәсі болды. Кандидаттардың сенім білдірген адамдары мен бақылаушылардан шағымдар мен ескертулер түскен жоқ.

Осыған байланысты сайлаудағы нәтижелерге күмән келтіруі мүмкін құқық бұзушылықтарға жол берілмегенін сенімді түрде мәлімдей аламыз. Талғар қаласы әкімінің сайлауы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларына сәйкес өткізілді», – делінген хабарламада.

Естеріңізге салсақ, кешелі бері әлеуметтік желілердегі кейбір топтарда бюллетеньдерді сайлау жәшігіне топтап тастау оқиғасы бойынша видеоролик таратылды.

Бұл видеороликтегі оқиға Талғар қаласы әкімінің сайлауында орын алды делінген еді.