Бюллетеньдерді басып шығаруға 132 млн теңге қажет
Қазақстан орталық сайлау комиссиясы 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына қажетті бюллетеньдерді басып шығару үшін 132 млн 742 мың теңге жұмсайды. Бұл туралы 21 мамырда Нұр-Сұлтанда өткен ОСК жиынында айтылды.
Сайлау комиссиясының дерегінше, елдегі сайлаушылар саны — 11 млн 947 мың 955 адам. Ал сайлауға 12 млн 67 мың 475 бюллетень қажет. Бір бюллетень құны — 11 теңге.
Қазақстанда 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына жеті кандидат тіркелген:
Қасым-Жомарт Тоқаев — «Нұр Отан» партиясы;
Сәдібек Түгел — «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы;
Амангелді Таспихов — Қазақстан кәсіподақтар федерациясы;
Дания Еспаева — «Ақ жол» партиясы;
Төлеутай Рақымбеков — «Ауыл» партиясы;
Жамбыл Ахметбеков — Қазақстан коммунистік халық партиясы;
Әміржан Қосанов — «Ұлт тағдыры» қозғалысы.