Бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған
ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуына орай қызмет көрсете бастауы тиіс болған Астанадағы жаңа темір жол вокзалының бастапқы құны 210,3 млрд теңге болатын. Құрылыс барысында бұл 243,6 млрд теңгеге дейін артты. Пайдалануға құрылыс-монтаждау жұмысының, құрал-жабдықтар мен құрал-сайманның тек 36,3 пайызы ғана берілген. Бұған қоса, 50,7 млн теңгенің жұмыстары сапасыз орындалып, құрал-жабдықтар орнатылмаған», деді К.Плотников. Сонымен қатар темір жол вокзалының мүгедектерге арналған ақпараттық-дабыл құрылғысына 11,1 млн теңге бөлінгенімен, ол құрылғылар жұмыс істемейтін болып шықты. Қысқы зал құрылысына арналған 22,1 млн теңгенің де тиімсіз пайдаланылғаны анықталып отыр. «Сұйытылған ауа және азот өндірісін орнату жөніндегі жобаны жүзеге асыруға қаражат бөлінген. Бірақ бұл сома пайдаланылмаған. 2015 жылдан бері бюджетке қайтарылмайтын болғандықтан, 18 млрд теңгеден астам қаражат бақылау есеп шотында жатыр», деді К.Плотников.
Айта кетерлігі, Есеп комитеті Ұлттық экономика министрлігінің 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспары мен көрсетілетін қызметтер саласын дамыту жөніндегі 2020 жылға дейінгі бағдарламасына бөлінген қаражатқа аудит жүргізді. Тексеріс нәтижесінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталды: қызметтер көрсету саласындағы зерттеулердің сапалы орындалмауы және құрылыс қызметі туралы заңнаманың сақталмауы бойынша 963,5 млн теңгені құрайтын қаржылық заң бұзушылықтар анықталып отыр. Сонымен қатар сомасы 208 551 млн теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, сондай-ақ сомасы 6 162 млн теңгеге бюджеттік өтінімдерді сапасыз жасау фактілері анықталған. Есеп комитеті жүргізген тексеріс кезінде ірі төрт жобадан шикілік шыққандығы белгілі болды. Олар – «Нұрлы жол» вокзалы, Жезқазған – Бейнеу темір жол желісі, Құрық портындағы паром кешені және Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі».
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»