Бизнес кілті – цифрландыруда | «Айқын» газеті
Орал қаласында Батыс Қазақстан облысын сандық жүйеге көшіру жөніндегі жобалар мен мұнай-газ саласына цифрлы технологияларды енгізудің өзекті мәселелеріне арналған халықаралық форум өтті.
Іс-шара Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) компаниясының бастамасымен ұйымдастырылды. Форум жұмысына Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев, Білім және ғылым министрлігі, БҚО әкімдігі, басшылығы, KAZENERGY қауымдастығының басшылығы, Қазақстан және БҚО жетекші университеттері, сондай-ақ ІТ және цифрлы жүйеге көшіру саласында қызмет көрсетуші аса ірі халықаралық компаниялар мен халықаралық сарапшылар қатысты.
Форумда талқыланған басты тақырыптардың бірі Батыс Қазақстан облысын цифрлы жүйеге көшіру жобалары мен «Цифрлы Қазақстан» инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылатын КПО компаниясының бизнес процестерін технологиялық жаңғырту болды.
Өзінің құттықтау сөзінде Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асырудың бес бағыты туралы айтып өтті. Онда адам капиталы мен инновациялық экожүйені дамытуға айрықша орын берілген.
Өз кезегінде, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов: «Тәуелсіздік жылдары ішінде, біз, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіре алдық. Ел Президенті Н.Назарбаев цифрлы трансформацияны Қазақстандағы Төртінші өнеркәсіптік революцияның стратегиялық бағыты ретінде белгіледі. Бұл – 2050 жылға қарай әлемнің 30 дамыған ел қатарына кіру үшін жасалуы тиіс технологиялық серпілістің басты құраушылардың бірі».
Форум қатысушыларының назарын аудара отырып, КПО бас директоры Эдвин Блом былай деді: «Бүгінде аса ірі мұнай компанияларының барлығында дерлік зияткерлік кен орнының тұжырымдамасын әзірлеумен және енгізумен шұғылданатын бөлімдер бар. Бүгінгі форумның мақсаты КПО цифрлы трансформациясына арналған жолдарды, технологияларды және шешімдерді талқылау. Біз цифрлы жүйеге көшірудің, инновациялар мен компанияның өндірістік қызметіне заманауи әзірлемелерді енгізудің өзекті мәселелері бойынша бизнес пен мемлекеттік ашық үнқатысу мүмкіндігін қолдаймыз. Бүгінгі форум бірлескен кәсіпорындар құру, бизнесті кеңейту және нарықтың мемлекет тарапынан да, бизнес тарапынан да барлық өкілдерімен байланыс орнатудың келешегін талқылауға арналған тиімді алаңқай ретінде қызмет етеді деп үміттенеміз. Бүгінгі кездесу сондай-ақ, жергілікті және халықаралық компаниялар үшін Қазақстандағы бизнес процестерін цифрлы әзірлемелер мен автоматтандыру салаларындағы казақстандық қамтуды дамытуға жаңа серпін береді».
Сонымен бірге, форум кезінде «Цифрлы Қазақстан» мемекеттік бағдарламасы және Digital Aqjaiyq аймақтық тұжырымдамасы аясында аймақта іске асырылатын және жоспарланған 40-тан астам жоба ұсынылды.
КПО сандық жүйеге көшірудің жеке жол картасын ұсынды, онда бизнес-процестерді оңтайландыру, жетілдіру және жеделдету мақсатында цифрлы технологияларға ауысу үшін қызметтің негізгі салалары белгіленген. Соның ішінде: өндіру процесі, ұңғыма операцияларын жүргізу, болашақ жобаларды іске асыру, сондай-ақ жергілікті қамту әлеуетін ұлғайту және өндірістік инфрақұрылымның басқа да компоненттерімен біріктіру.
Форумның басты оқиғаларының бірі КПО компаниялары, Білім және ғылым министрлігі, БҚО әкімдігі және KAZENERGY қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды. Ондағы мақсат – жаңа кәсіби кадрларды оқыту және стартаптар құруға қолдау көрсету арқылы жергілікті қамтуды дамыту.
Пленарлық сессиялар барысында форум қатысушылары кәсіпорынның өндірістің қызметінің түрлі аспектілерінде цифрлы технологиялар мен ақпараттық жүйелерді қолдану талқыланды. Дөңгелек үстел форматында КПО өкілдері форум қатысушыларының КПО цифрлы жүйеге көшірудің Жол картасының тетіктеріне қатысты сұрақтарына жауап берді.
Өз кезегінде, форум делегаттары іс-шараның тиімділігі мен ұйымдастырудың жоғары деңгейін атап өтті. Олардың ойынша, қатысушылардың қомақты сараптамалық деңгейі күн тәртібінде ұсынылған мәселелерді жан-жақты талқылауға және талдауға септігін тигізді.
Серік ӘЛІМЖАН