«Бізге жасағанның барлығын өтейсіңдер»: Зеленский Ресейге үндеу жолдады

0

Украина президенті Владимир Зеленский халқына жасаған кезекті үндеуінде украиналықтардың табандылығынан кейін Ресей тактикасын өзгертуге мәжбүр болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

«Ресейдің Украина қалаларына жасаған зымыран-бомбалық соққылары олардың біздің жерімізде басқа ештеңе жасай алмағанын көрсетеді. Қорғаныс шебіміз толығымен сақталды. Стратегиялық бағыттардың барлығында жау нәтижеге жете алмады. Олар басып-жаншылған», – деді Зеленский.

Украина президенті қалалар мен көшелердің қалпына келтірілетінін айтты.

«Біз әр үйді, әр көшені, қаланы қалпына келтіреміз. Ресейге айтарымыз: репарация мен контрибуция сөздерін жаттаңыздар. Елімізге, әр украиналыққа қарсы жасағанның барлығын өтейсіңдер», – деді ол.

«Бізге қарсы, Украинаның еркін азаматына қарсы қолданбаған қаруларың қалмады. Енді өз арандатушыларыңа Украинаға гуманитарлық көмек көрсеткендеріңді айтып жатырсыңдар. Естеріңде болсын, миллиондаған адам қарғаған кезде, сендер құтыла алмайсыңдар», – деп қосты Украина президенті.

Зеленскийдің сөзінше, бұған дейін жарияланған шетелдік легионға 16 мың шетел азаматы жазылған. Олардың бірінші легі Украинаға жеткен.

«Өз үйлеріңізге қайтыңыздар. Орыс тілді азаматтарды әлемде емес, өз үйлеріңізде қорғаңыздар. Ресейде мұндай азаматтар жетіп артылады», – деді ол орыс тілінде.

Айта кетейік, бұған дейін Зеленский ресейлік 9 мың сарбазының көзі жойылғанын айтқан еді. Оның сөзінше, Ресей сарбаздары қаруларын тастап қашқан.