Бізге белгілі әрі белгісіз Горький (жалғасы)

0

Горький шығармашы­лы­ғын­­дағы үлкен белестердің бірі – оның «Егор Булычов жә­не басқалар» драмасы мен «Вас­са Железнова» трагедиясы бол­ды. Тақырып жағынан екеуі де бір-біріне ұқсас. Егор Булы­чов та, Васса Железнова да Ресей­дегі ең ірі кәсіпорын иелері. Мұн­дағы драмалық ситуациялар да бір-бірімен қарайлас келеді. Сон­дықтан да болар, театр сыншылары Васса Железнованы «юбка киген Булычов» деп те атап жүрді.

«Егор Булычов және басқалар» пьесасы А.М. Горькийдің Октябрь революциясынан кейін жазған алғашқы пьесасы болды.

1931 жылдың күзінде М.Горь­кий Малая Никитская көшесіндегі өз үйінде пьесаны Вахтангов теа­тры­ның әртістеріне оқып бер­ді. Бір кездері Ф.Шаляпинмен бір­­ге кон­серваторияның вокалдық фа­­куль­тетіне емтихан тапсырған А.Пеш­­ков қоңыр да қомақты дауы­сы­мен пьесаны жақсы оқып шық­­ты (консерваторияға Пешков қабыл­­данып, Шаляпин түсе алмай кеткен).

Пьесаны театр әртістері үнсіз тыңдап, оқылып біткен соң бұ­рынғыдай ағылып сөйлей алмай, қысылып-қымтырылған, тиіп-қашып мақтаған боп тым сараң пікір айтты. Қысқасы, пьеса ешкімге ұнамады. Онда әрекет аз, диалогтар дөрекі, оқиға дамуы театрға арналмағандай көрінді. Үш акт бойы адуынды да өркөкірек басты кейіпкердің өлім аузында жатқаны, әні-міне өледі деп күткенмен өліп те тынбайтыны көрсетіледі. Оқиғаның бас-аяғы осы ғана. Пьесаны талқылау кезінде актерлер турасын айтудан тайсақтап, айта қалса да сыздықтата сөйлеп, жеңіл-желпі сын-ескертпелерін жақауратып айтумен ғана шектелді.

Горькийге тән ерекше қасиет – ол ешқашан атақ-даңқы мен бе­деліне салып өзін өзгелерден биік ұстамайтын. Сол әдеті бо­йын­ша ол театр ескертпелерін аса бір ыждаһаттықпен тыңдап, ес­­кер­­ту­лер бойынша мәтінге өз­ге­ріс­­тер енгізіп, бірақ алғашқы нұс­­қа­­сын негізінен өзгеріссіз қал­дырды.

Екі-үш айдан соң спектакльдің бірінші актісі көркемдік кеңе­сінің назарына ұсынылды. Жи­нал­ғандардың басым көпшілігі тағы да тұйыққа тіреліп, драматургтің не айтпақ болғанын түсіне ал­май дал болды. Ең бастысы, Горь­кий бұл пьесасында кө­рер­менді сыртқы оқиғалардың әсері­мен, интриганың кенеттен сы­нып, басқа бағытта өрбуі сияқ­ты ежелден келе жатқан театр әді­сінен саналы түрде бас тартып, Булы­човтың неге, не үшін үш акт бойы өле алмай жатқанының себе­біне режиссерлік жіті көзбен қарау керек екенін талап етті. Сах­­нада үш акт бойы өлемін деп өле алмай жатқан адамға қандай ре­жис­серлік жіті көз керек? Ол қан­дай әдіс? Үш акт бойы өле ал­май жатқан адамнан көз алмай қарап отыру көрерменді жалықтырып жібермей ме?

Көрермендер назарын аулау үшін режиссер Булычовтың жастығының астына бір қағазды жасырып қою керек деген идея ұсынып көрді. Ол қағазда өсиет жазылған болу керек. Демек, оған келіп жатқан жақын-туыстары сол өсиет-қағазды ұрлап алуға әрекет жасаулары тиіс. Қойылымның финалында тірі актерлардың орнына үрмелі қуыршақтар шығып, сабын көпіршіктері сияқты олар бірінен соң бірі жарылып, сол жарылыстан Булычовтың ескі үйі опырылып құлап түсуі тиіс. Символика – ескінің күйреуі.

Мұндай әдіс шығарма ар­қауына мүлде жат, сюжетпен кіріге алмайтын әдіс еді.

Қойылым осындай режис­серлік «жаңашыл әдіспен» то­лық қойылып шыққан соң ав­тордың ұнжырғасы түсіп, театр ұжымы тағы да дел-сал күйге түсті. Қойылымды қатты сынға алушылардың бірі Б.Е.Захава «мұндай арзанқол «тапқырлық» пьеса тақырыбына мүлде жат, шығармадағы материалға мүлде үйлеспейтінін, ақыры осындай «жаман» пьесаны қою керек деп шешкен екенсіздер, оған шын мәнінде жаңаша түсінік керек» деген ұсыныстарын айтқан соң, театрдың көркемдік кеңесі оның өзіне бас салып, пьесаны «жаңаша» қоюды тура осы жерде Захаваға жүктеді.

Режиссер келісім берді. Бірақ ол үшін екі апта уақыт сұрады. Ой­ланып, нақты шешім қабылдау үшін.

«Екі апта мерзімнің бітуін күтпестен Борис Евгеньевич Мәс­кеуге қайта оралып, бірден театрға келді, – деп еске алады Немирович-Данченко. – Ол екі аптаға жетер-жетпес уақыттың ішінде осы «жаман» пьесаға «ғашық» болып оралды. «Бұл пьесада біз көрмеген, біз байқай алмаған күрделі әлем жатыр, – деп мойындады Б.Захава. Ол әлем – Горький жасаған күрделі образдар галереясы, құйылып тұрған құнарлы тіл, астарлы сөздер, адам жанының қатпар-қатпар терең сырлары, Егор Булычовтың үш акті бойы өле алмай жатуының ар жағында қандай мотив бар? Жеке адамның тағдыры-жеке адамның өмірі ғана. Сол жеке тағдыр арқылы М.Горький сол кездегі қоғам тағдырын көрсетіп отыр. Ауру қоғамның өлгісі келмей жанталасып бағуда. Горький міне, осы «ауруды» ашына жазып отыр. Әйтпесе Булычовтың өсиет қағазын кім алады, кім-кіммен жаға жыртысып, кім кімнің тұмсығын бұзады – Горький үшін бәрі бір емес пе? Драматург ауру қоғамның өлгісі келмей жанталасуын тәптіштеп көрсетіп отырған жоқ па? Булычов үйінің сыртында болып жатқан оқиғаны негізгі сюжеттің паралелі ретінде көрсете білуіміз керек». Драматургтің ойын тап басу, шығарманың астарына үңіле білу, қоғам өмірі мен жеке тұлғаның тағдырын біртұтас организм ретінде тұтастай біріктіре қарауда режиссерлік «жіті» көзқарас осылай болса керек.

Режиссер театрға келгенде пьесаны басқаша оқып, оны басқа қырынан танып қана келген жоқ, болашақ спектакльді тұтастай «көріп» келді. Тіпті басты рөлді белгілі де беделді В.Щукинге тапсыратынын да айта келді.

Жаңа қойылымда қойы­лым­дағы барлық кейіпкерлерге қайта жан бітті. Егор Булычов енді өлімсіреп, талмаусырап жүр­ген жоқ, өлер алдындағы «бой жасаған» адамдай барлық сөзін жынданған адам секілді буырқана айтып, құтырына әндетіп, жынданудан сақтандыру үшін оның «ішін жайлаған» жын-сай­танды қуып шықпақ боп келген әйелінің сіңлісі Игуменья Маланияны қатты қойылған грамофон музыкасының астында аласұра билеп, Құдайға қарсы айғайлай сөйлеп қуып шығады. Үстелге шығып тепсініп, өрт сөндіруші Гавриланың зәресін алады. Терезені айқара ашып тас­тап, «қараңғылыққа тұншыққан патшалық тұншығып өледі» деген өлеңді тыңдап, «Дүние қараң!.. Бәрі бітті! Мен адасып, басқа әлемде өмір сүріп келіппін! Тарт трубаны, Гаврила! Тарта түс!» деп жанұшыра айғайлап барып жан тапсырады. Ескі Россия өлді, жаңа Россия жаңғырығы ашық терезеден азынап естіліп тұр. Қойылым адам айтқысыз зор табыспен өтті.

Пьесаны түсініп оқу, драматург ойын дәл тауып, ашып көрсете білу деген осы болса керек. Горький де премьераны көруге қатысты. Осы спектакльден соң Горькийдің атағы шарықтап ас­панға көтерілсе, оның әр қадамын аң­душы «құ­йыршықтар» да күшейе түсті.

«Сіз жойқын дауылдың жақындап келе жатқанын хабарлап қана қоймайсыз, сіз сол дауылды өзіңізбен бірге алып келгендей болдыңыз» деп жазды жазушы әрі драматург Леонид Андреев Максим Горькийге. Андреевтің бұл хатын да қырағы тәртіп сақ­шы­лары алып, Горькийге арнал­ған арнайы папкіге тігіп қояды.

Патшалық Ресейдің кезінде соңына ілескен «құйыршық», революция дауылпазы (Бу­ре­вестник) атанған Горькийдің со­ңынан Кеңес өкіметінің кезінде де бір елі қалмапты.

Талантты адам белгілі бір ке­зеңдегі билік үшін ғана емес, барлық кезеңдегі барлық билік үшін «сенімсіз». Өйткені барлық билік біткеннің шындығы басқа да өтірігі бір. Ал шын талантты жазушы шындықты айтпай тұра алмайды.

«Егор Булычовтан» соң Мак­сим Горький «Васса Железнова» драмасын жазды. Трагедия жанрына жатқызуға болатын бұл пьеса Кеңестер Одағы театрында ең елеулі, ең құнды, көрермендерді ең көп жинаған «кассалық» спектакль болды.

Мұндағы тақырып – ескі мен жаңаның айқасы, идея – жаңа рухтың сөзсіз жеңіске жететіндігі.

Драмалық ситуация – Васса Железнова мен оның байлығын тартып алуды көздеген пай­да­күнем, қоғамның мүддесін емес, жеке бастың қамын ойлаған тоғы­шарлардың арасындағы тартыс.

Кульминация – Васса Же­лез­нованың өлімі.

Васса Железнова – үлкен масш­табтағы кәсіпорын иесі. Волга өзені бойындағы кеме жүргізу компаниясының қожайыны. Алғыр, іскер, жігерлі, өзін-өзі қорғай алатын қайратты әйел. Оның байлығына қызығып та, қызғана қарайтындар оны тартып алғысы келетіндер, тым болмаса сол мол байлықтан «тістеп» қалуға ұмтылатын адамдар толып жатыр. Вассаның күресуден жүйкесі тоза бастады. Айналасын қоршаған «қасқырлардан» жерініп бітті. Егор Булычов сияқты бұл да өзін басқа әлемде, басқа заманда, басқа ортада өмір сүріп жатқанын сезе бастады.

Алаяқтар мен жемқорларды жеңу мүмкін емес екеніне көзі жете бастады.

Бұл идеяны бүгінгі күнмен үндес емес деп кім айта алады?

Васса Железнова саналы түрде жеңілді.

Барлық мал-мүлкін, кеме жүргізу компаниясын, қыруар ақшасын тәрк етіп, бақшасында өсіп тұрған жеміс ағашының бір бұтағын бетіне жауып, өмірімен қош айтысты. Өмір азабынан құтылды.

Бүтін бір дәуір келмеске кетті. Үш сағат бойы Васса Желез­новамен бірге өмір сүрген залдағы көрермен спектакль біткен соң қол соғуды да ұмытып, бірнеше минут бойы орындарынан тапжылмай, үнсіз отырып қалды.

Олар театрдағы катарсисті шын­дап бастан кешіріп, әді­летсіздік атаулыға дәл осы сәттен бастап қарсы шықпақ болғандай дүрліге көтерілді.

Өнер құдіреті деген осы. Ол адам бойына ерекше күш, ерекше жігер, ерекше рух сеуіп, ерекше шешім қабылдауға әсер етеді.

Осы пьесаның тағдыры да адам тағдырына – өте ұқсас. Пре­мьерадан соң билік атаулыға қарсы көшеге шығып, «жойылсын әділетсіздік!» – деп ұрандауға дайын көпшілік, арада төрт-бес жыл өткен соң басқа пьесалардың әсерінен бұл драманы да ұмыта бастады.

Пьеса барлық театрлардың ре­пертуарынан түсіп қалды. Ол мүлде ұмытыла бастады.

1935 жылы Мәскеуде дере­вня­лық театрлардың Бүкілресейлік фестивалі өтті. Осы фестивальға Ленинград облысындағы бір колхоздың әуесқой театры «Васса Железнова» драмасын алып келді.

Қойылым көрермендер мен театр сыншыларының үлкен ба­ғасына ие болды.

Ұмытыла бастаған клас­си­калық пьесаның екінші өмірінің басталуына осылайша алыс түк­пірде жатқан колхоз театры себеп болды.

Осыдан соң үлкен театрлар «Васса Железнованы» жаппай қайта қоя бастады.

* * *

Әлем әдебиетінің классигі ретінде танылып, көптеген роман­дарымен, пьесаларымен, «Ма­кар Чудра», «Челкаш», «Коно­валов», «Изергиль Кемпір» сияқ­ты тамаша әңгімелірмен атақ-даңқ­тың шыңына көтерілген Мак­сим Горький Кеңес өкіметі ыды­рағаннан кейін себепсіз ұмытыла бастады. «Сұңқар туралы жыр», «Дауылпаз туралы жыр», «Ана» романы үшін кейінгі ұрпақ оны «пролетариаттың жазушысы», «коммунистік идеологияның табынушысы» ретінде ғана танып, оның басқа шығармаларын жадыларынан біржолата сызып тастады. Бұл тенденция – тобырлық сананың адасуы еді. Ресей оқырмандары Ке­ңес өкіметінің алғашқа он жыл­дықтары кезінде бүкіл адам­заттың көркем ойының ең жарық жұлдызы деп мойындалған ұлы жазушы Ф.М.Достоевскийді де санадан шығарып тастаған еді. Сол сияқты, коммунистік идеологиядан арылу жолында ұранға ілескіш тобыр құммен бірге алтынды да төгіп тастады.

Детектив жанрында полиция қызметкері жайлы 30-ға жуық роман жазып, шығармаларының таралымы 750 мыңға жеткен Ресейдің ең атақты жазушысы Александра Маринина (Марина Алексеева) жас қаламгерлермен тәжірибе жұмысын жүргізу кезінде олардың бәрі Горькийді білмейтін боп шығады. Білсе де, оқулықта бар «Дауылпаз туралы жыр» және «Шыңырауда» пьесасын ғана біледі екен. Соның өзінде «Шыңырауданы» пьеса емес, «роман» деп шатастырған. Бұдан соң ол жастарға да, өзіне де жаңа тәжірибе жүргізіп көреді. Ол тәжірибенің талабы: Горькийді революция жазушысы деп емес, саясаттан тыс жазушы ретінде шығармаларын қайта оқып шығуды тапсырады. Өзі де осы оймен жазушы шығармаларын қайтадан түгелдей оқып шығады. Міне жаңалық! Жоғарыда аталған «Ана» романы мен екі жырынан өзге бір де бір шығармасынан «революциялық» рухтың, большевиктік насихаттың ізін де таба алмай, керісінше, барлық шығармаларында адам жанындағы ірі қопарылыстарды ақтара жазған нағыз ұлы сурет­керді қайта ашып, осы кезге шейін өзгелер емес, өзінің де санасының тобырлық жалған насихатпен тұманданып келгеніне таңғалады. И.С.Тургеневтің романдарында әке мен баланың арасындағы түсі­ніс­пеушіліктен тұратын драма негізгі проблема болса, А.М.Горь­кийде ол проблема антого­нистік қарама-қайшылық тұрғы­сын­дағы тартысқа құрылған. Мұнда келесі ұрпақ ата-ананың жолымен жүргісі келмейді, ол жаңа жол іздейді. Сол ізденіс жолын­да адами ізгі қасиеттер мен неше түрлі харам ниеттердің бітіс­пес күресіне толы драмалық ситуа­ция­лардың алуан түрі айқасқа түседі. Александра Марининаның тоқырау кезеңін көрсетуге арнаған «Горький Квест» деп аталатын кітабы М.Горькийдің шын мәнінде ұлы жазушы екенін қазіргі оқырмандарға қайта танытып берді.

Дулат ИСАБЕКОВ,

жазушы