«Біздің қоғамда білім құнын жоғалтқан»: NASA қарамағындағы университетте оқыған алғашқы қазақстандық ғалым білім құны туралы — Қазақстан жаңалықтары
Дамель Мектепбаева — Назарбаев Университетінде инновацияны дамыту бағытында қызмет ететін биотехнолог маман. АҚШ-та, Францияда білім алған, NASA зерттеу институты қарамағындағы университетте оқыған алғашқы қазақстандық ғалым. Кәсіпкерлікпен айналысатын Дамель адам күнделікті тынымсыз тіршіліктің шеңберінен асып, өзінен кейін қоғамдық маңызы бар із қалдыру керек деп санайды. Stan.kz тілшісі ғалыммен қазіргі вирустардың негізгі пайда болу себебі жайлы, білім саласы, әйелдің өзін дамытудағы маңызы жайлы сұхбаттасты.
— Қазір қандай ғылыми жобалар жасаумен айналысып жатырсыз? Өмірдегі, ғылымдағы негізгі мақсатыңыз қандай?
– Негізгі мақсат — Қазақстанда, Назарбаев Университетінде инновацияның дамуына үлес қосу. NASA зерттеу институты қарамағындағы университетте оқып келген соң, тек ғылыммен шектелмей, инновациямен айналысқым келетінін түсіндім. Көпшілігі бұл сөзді біледі, бірақ оның түпкі мағынасын түсінбейді. Кейбіреулер инновация бойынша ауқымды байқаулар өткізеді, ал шындап келгенде өздерін оны түсінбейді. Инновация бүгінгі күні қарқынды дамып жатқан үлкен сала. Өмірімнің бірнеше жылын америкалық әдебиетті зерттеуге арнадым. Осының негізінде жеке бағдарламамды жасап шығардым. Назарбаев Университетінде инновацияны дамытумен айналысамын: докторлар, ғалымдармен байланыстамыз. Осы бағытым менің өмірдегі мақсатыммен тоғысады. Меніңше, адам күнделікті тынымсыз тіршіліктің шеңберінен асып, өзінен кейін із қалдыру керек: генетикалық тұрғыдан бала болса, одан бөлек, қоғамдық маңызы бар із қалдыру керек.
— Дамель, ғалым бола тұра, не себепті білім саласында кәсіпкерлікпен айналысуды жөн көрдіңіз?
– Мен бірнеше рет шетелдік гранттарды жеңіп алғам, құжаттарды тапсыру жолдарын, техникасын білемін, сондықтан қалауы бар адамдар маған жазылады. Ағылшын тілі, биологиядан және шетелге оқуға тапсыру бойынша бағыт беретін, үйрететін онлайн мектебім бар. Сондай-ақ, НЗМ оқушыларымен келісімшарт бар, олар да студенттерін жақсы оқу орындарға түсуге дайындайды. Барлығы тәлімгерлік бағдарламадан бастау алды. Ғалым құрбым Дана Ақылбекова екеуімз SciNet сайтын аштып, тәлімгерлік көмек көрсете бастадық. Бұл тегін тәлімгерлік көмек көрсетілетін жоба болды, оған 40 тәлімгерді тарттық. Олардың барлығы «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келгендер болды. Осылайша оқушыларды қызықтыратын сұрақтарға жауап беруді жөн санадық.
Содан кейін демалыс күндері онлайн сабақ өткізетін болдым. Менің бағдаламаммен үш ай оқыса, бала ағылшын тілі, биологияның негіздерін үйреніп шығады. Білім саласы мені әрқашан қызықтыратын. Назарбаев Университетінде сол себепті жұмыс істеп жатырмын деп айта аламын. Осы уақытқа дейінгі қызметім білім саласымен байланысты болды. Студенттермен, оқушылармен жұмыс істеу маған әрқашан қызық. Себебі олар эмоцияға толы, түрлі идеялары бар, ерекше позитивті энергия сыйлайды.
Білім саласы әрқашан өмірдің басқа бағыттарына әсер етеді. Мысалы, адам жоғарыбілімді болса, ол көп жағдайда қылмысқа бармайды, балалардың, өзінің денсаулығына зиян келтірмейді, басқа да жаман әрекеттерге бармайды.
— Еуропада да, АҚШ-та да білім алдыңыз, қандай тәжірибе жинадыңыз? Екі елдің білім жүйесі екі түрлі ме?
– Индиана Университетінде (Индиана штаты) бакалавриат бағдарламасын аяқтадым. Ол уақытта үйде компьютер болмаған кез, сол үшін отбасым компьютерлік орталыққа аптасына бір рет барып, маған хабарласып тұратын. Ал мен үйге хабарласу үшін карта сатып алып, аппаратқа баруым керек болатын. Оқу қиындау болды. Бірақ меніңше, бакалаврдағы білімім маған қатты әсер етті. Негізгі білім мықты болуы керек, себебі бакалаврда алған білім сапалы болмаса, қиындау болады. Әсіресе, техникалық тәжірибелерге көңіл бөлген жөн. Мысалы, бізде күнделікті бес-алты сағаттан лабораториялық сабақтар болатын. Барлық университеттің осыншама уақыт лабораториялық сабақ өткізуге мүмкіндігі бола бермейді. Ал америкалық университтер техникалық жағынан жақсы жабдықталған, сондықтан практикалық тәжірибені молынан жинадық.
Бакалаврдағы білімім үшін әр уақытта қуанамын, себебі осы тәжірибеме, білімімді қиындықсыз ары қарай жетілдіре аламын. Білім жүйесінде айтарлықтай айырмашылық бар. Парижде магистратурада оқысам да, ерекшеліктерді байқадым. Францияда профессорлар студенттерді жақын тартпайды. 40-минуттық лекциясын оқып, аудитория түсінсе де, түсінбесе де уақыттары біткен соң кете береді. Америкада түнгі 2-де хат жазсаң да, егер мұғалім ұйықтамған болса, саған міндетті түрде барлығын түсіндіріп жазып жібереді. Францияда осындай кері байланысты сезінбедім. Әрине, ол жақта мықты, білімді профессорлар болды. Онда микрочиптер бойынша жақсы білім алдым. Десе де, Америкада алты жыл тұрып, сол жақтың оқыту әдісіне үйреніп қалған маған Франциядағы оқыту жүйесі «суық» болып көрінді.
— Шетелде тұрып, білім алудың қиындықтары қандай?
– Отбасым алыста болғандықтан, өзіме жалғыз бөтен елде тұру қиындау болды. Себебі мен кішкене кезімнен отбасына жақын, олардан алыста тұрып көрмеген, тіпті лагерьге барып көрмеген, тамақ істей алмайтын, қамқорлыққа үйреніп қалған бала болып өстім. Бірден Америкаға барғанымда отбасыммен уақыттың сәйкес келмеуі себебінен дұрыс сөйлесе алмайтынмын. Осы жағынан қиындау болды. Бірақ оқуға келгенде әрдайым сабаққа берілген жан болдым. Оқу мен үшін әрқашан рахат сыйлайтын. Америкалық профессорлардың қайырымды, көмек қолын созуға дайын тұратыны да өз үлесін қосты. Әсіресе, лекциялар өте қызық өтетін. Америкалық профессорлар лекция уақытында шоу ұйымдастырып жібереді. Оқу қиын болғанмен, өте қызықты болды. Оқыту тәсілдерін ерекше ұнаттым, маған сабақ барысында ертегі де, қалжың да айтылғаны ұнайды. Себебі сабақ қызық болмаса ғана қиындық тудырады.
— Не себепті биотехнология бағытын таңдадыңыз?
– Мектептен кейін дәрігер болуды армандап, Медицина университетіне оқуға түскенмін. Бірақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша грант ұтып алған уақытта медицина бағытына тапсыра алмайтынымды айтты. Медицинаға жақыны «Биотехнология» болғандықтан, осы бағытты таңдадым. Биотехнология жаңа дәрілерді, медициналық құралдарды шығару, емдеудің жаңа әдіс-тәсілдерін жасап шығарумен байланысты. Сондықтан осы бағытты таңдадым және ғылымның шын мәнінде қызық екеніне көз жеткіздім. Өзімнің мамандығымды жан-тәніммен сүйемін.
— Қазір бүкіл әлемді жайлаған пандемияны жеңу үшін қандай ғылыми тәсілдер керек деп ойлайсыз? Коронавирусқа қарсы вакцина шығаруға бола ма?
– Коронавирус — бұл аурудың симптомдары. Аурудың шығу көзін емдеп жатқан жоқпыз. Аурудың негізгі шығуына себеп экология деп ойлаймын. Эпидемиялар әр уақытта болған, бұдан қорқыныштылары да болған. Жыл сайын халық саны экспоненциалды прогрессияда өсіп жатыр. Мысалы, кез келген жануардың өсу шегі болады. Мұны экологияда «carrying capacity»-деп атайды. Бір орманда 500 қоянға орын болуы мүмкін. Бұдан артық сыймайды делік: тамақ не су жетпейді. Сол сияқты адамзаттың саны күннен-күнге өсіп келеді, адамдар экологияға қаншалықты әсер етіп жатқанын аңғармайды. Жыл сайын «Green House» әсері қызып, биожүйелердің зардап шегіп жатқанын көріп отырмыз: Австралиядағы өрт, эпидемия және т.б. Мұндай жағдайлар көбейе береді. Себебі адам соңғы жүз жылда тұтынушы ретіндегі шегінен шығып кетті.
Адам саны көбейіп жатыр, әрбір адам тамақ жейді, қоқыс шығарады, киім киеді, демек шығын көп және ол толастамайды да. Әрине, біз адам санын қысқарта алмаймыз ғой. Бірақ біз экологиялық мәселелерді шешуіміз керек. Фабрика, зауыттарға белгілі бір шек қойылу керек, осының бәрі қатаң бақылауға алынуы тиіс: қоқысты сұрыптау, оны қайта өңдеу, осы нәрселерді түбегейлі шешу маңызды.
Жер планетасына соншалықты әсер еткендіктен осындай жағдайлардың орын алып жатқаны таңғаларлық емес. Коронавирусты жеңіп шыға аламыз делік, ал басқа вирустар, бактериялар ше? Олар адамдар назарынан тыс қалуда. Бірақ көзге көрінбейтін миллион бактерия мен вирус бар. Университетте оқығанда вирусология бойынша кітабым ең ауыр кітап болған. Себебі вирустардың сан түрі бар. Вакцина табылғаннан кейін басқа да вирустардың пайда болмайтынына кім кепілдік бере алады? Ал вакцина міндетті түрде табылады. Экология, өз үйіміздің жағдайын ойлауымыз қажет: себебі қазір суды, ауаны, жерді бәрін ластап жатырмыз.
— 5-10 жылдан кейін білім беру саласын қалай елестетесіз? Қандай өзгеріс, реформалар қажет?
— Білім беру жүйесі сапаны қажет етеді. TEDx-та сөз сөйлегенде осы жайлы төрт бағытты ұсындым. Болашақта орын алатын төрт маңызды өзгеріс:
1. Білім беру онлайн форматқа көшеді.
Онлайн форматқа көшуіміз керек, себебі барлық оқушыға мектеп, мұғалім жетпейді. Барлық жерде жаңа мектептер салынса да, ауыл-аймақта білікті мамандар жетіспеушілігі жойылмайды. Мәселен, менің құрбымның қызы 1″Т»-сыныбына барады. Оқушы көп, сыныпқа сыймайды. Болашақта балалар қажетті ақпараттың көбін онлайн алатын болады деп ойлаймын және оның еш зияны жоқ. Бірақ бала мектепке баруы керек. Демек оқушы мектепке әлеуметтік қабілеттерін жетілдіру мақсатында: ортаға шығып сөз сөйлеу, дәлел келтіру, дебаттар өткізу, ғылыми жобалар қорғау, топтық жұмыс осы нәрселерді бала мектепке келіп үйренеді.
2. Жеке әдіс-тәсіл
Бір сыныпта 30-40 бала отырғанда ол әрбіріне жеке әдіс таба алмайды. 40 минутта сабақ түсіндіріп, сонымен бірге балалардың тәртібін қадағалап отыру керек. Бағдарламалар бар IT технологиялар негізінде әр балаға дербес тәсіл қолданады. Оның қызғушылығы, Marvel-дегі сүйікті кейіпкері, түстері мен муызкасы незігізінде ойын түрінде сабақ дайындалады. Тарих, физка, химия сабақтарын ойын форматында өтуге мүмкіндік береді. Әрбір бала тек өзіне ғана арналған тәсілмен жасалған сабақ өтеді. Себебі мұғалім бәрімен жеке-жеке қарым-қатынас жасай алмайды.
3. Үздіксіз оқу
LifeLong Learning ұғымына үлкен сеніммен қараймын. Адам әрдайым өзін жетілдіріп отыру керек. 4 жыл білім алдым болды, осы да маған жетеді деп ойлаған дұрыс емес. Әлем жылдам өзгеріп жатыр, нарық өзгеріске түсуде, сондықтан осыған дайын болған жөн. Биотехнологқа оқыдың ба, енді инновация нарықта сұраныс болса, оны да оқып ал деген сияқты. Бізде бір мамандық оқып алса, сол жетеді деп ойлайды. Қазір жаһандану заманы. Бір рет оқып, соны жеткілікті санау аңғалдық.
4. Тәлімгерлік
Тәлімгер табуды барлығына ұсынамын. Себебі оқу жеке дара процесс болғандықтан, тек формуланы ғана түсіндіріп қою жеткіліксіз. Бала психологиялық қолдауды сезіну керек. Сонда білім беру саласы сапалы болады. Мысалы, Америкада оқығанда мен қамқорлықты сезіндім: мұғалімдерден қысылмастан сұрай алу мүмкіндігі болды, ол маған «Жоқ» деп айтпайды, отырып кеңесін айтады. Яғни бала кеңес сұрай алатынын, сөйлесе алатын тәлімгері бар екенін сезінгені өте жақсы тәжірибе.
— Қазіргі уақытта онлайн оқыту жүйесінде олқылық көп. Оны қалай шешуге болады?
– Біздің қоғамда білім құнын жоғалтқан. Ешкім оның сапасына сенбейді. Мектептегі, университеттегі мұғалімдердің жалақысын көбейтіп, мәртебесін өсіру керек. Мысалы, менің молекулярлы биологиядан сабақ беретін профессорым болды. Оның сабағына бәрі жарыса жүгіретін, біз 500 адам болдық, бәрі алғашқы қатарға отырғысы келетін. Себебі ол көп қалжың айтып, аналогия келтіретін, оны тыңдағанда бір сағат бір минуттай зымырап өте шығатын. Семестр аяқталғанда ол бізге қоштасу видеосын жасап, барлығы көздеріне жас алды. Өз басым, бізде сабақ біткенде жылап қоштасатын мұғалім болды дегенді естімеппін де, көрмеппін. Осы нәрсе бізге жетіспейді.
Бізде шалғай аудандар, ауылдар сапалы интернетке қол жеткізе алмағандықтан, сапалы видео түсіріп, сол жазбаны студенттер, оқушыларға жіберу керек деп ойлаймын. Яғни барлығы бір уақытта онлайн сабақта отыру қажеттілігін жойып, лекцияның видео жазбасын көре алатындай жасау керек сияқты.
Сондай-ақ, тақырыпты жақсылап меңгеру үшін түрлі есеп, жаттығуларды сапалы түрде жасап шығару керек. Яғни бала интернетке кіріп, көбейтіп, азайтып, санын шығара салатындай емес, өзі ойланып, шешетіндей жаттығулар құру керек. Мысалы, АҚШ-тағы студенттерге ешқашан формулаларды жаттаңдар деп айтпайтын. Егер сен оны Google-дан қарап көре алатын болсаң, онда оны жаттаудың қажеті жоқ. Маған осы әдіс ұнайды және емтиханда осы формулаларды қолданатынбыз, олар дайын күйде қағазға жазып берілетін. Мысал түрінде жаттығуларға осы формулаларды қолданатынбыз. Осындай сапалы жаттығулары бар жинақтар шығарып, балаға түсінікті болатындай өз бетінен дайындалуына мүмкіндік жасауымыз қажет. Бар еңбектерді өзімізге икемдеп қайта шығаруға болады.
— Қазіргі қоғамда диплом қаншалықты маңызды? Одан бөлек қандай қабілеттер қажет деп ойлайсыз?
– Диплом болғаны жақсы, әрине, бірақ онымен шектелуге болмайды. Қаншама қабілеті жоқ дипломды мамандарды көрдім, оның ішінде тамшуырды ұстай алмайтын Еуропада білім алған биологтарды кездестірдім. Яғни олардың қабілеттері кітап негізінде, теория жүзімен ғана шектелетін.
Қазіргі уақытта 12 ірі компания, оның ішінде Google, Facebook бар, сіздің дипломыңыздың қандай екені, оның бар-жоғы олар үшін маңызды емес екенін хабарлаған. Демек бүкіл әлем білім дипломмен өлшенбейтінін түсінді. Қандай қабілеттер керек? Өз мамандығыңызға қатысты қабілеттерді дамыту керек, сол толқында жүру керек. Мысалы, IT-маманы болсаңыз, әрдайым курстан өтіп, жаңа білім алып отыру керек. Осы саланың мамандарын оқып, қарап отыру, оларға жазылып, сұхбаттарын көріп, жаңалықтардан қалыс қалмай жүру керек. Яғни, соңғы «update»-терді білу. Адам өзін өмір бойы жетілдіруі аса маңызды. Дипломыңыз мықты бола тұра, он жыл үйде отыруыңыз мүмкін. Демек, енді диломның титтей де құны жоқ.
— Дамель, біздің қоғамда айтылып жүрген әйелге оқу оқып керегі жоқ деген пікірге қатысты не айтасыз?
– Егер балаңның анасы ақылды, білімді болса, бұл жерде тек артықшылықтарды ғана көреміз. Екі адам бірдей жұмыс істесе де, бюджет көбейеді, бұл жерде қандай кемшілік болуы мүмкін? Білімді ана баланы оқытып, бағыт-бағдар береді. Әйел біз үшін алғашқы тәлімгер. Егер сенің бірінші тәлімгерің анаң білімді болса, өмірде де қателіктерді аз жібересің. Сондықтан әйел міндетті түрде білім алу керек деп есептеймін. Ол білімін баласына береді, әйел — алғашқы білім беру институты. Сонымен бірге, ер адамар да мәңгілік емес қой, ертең жалғыз қалса, әйел не істейді?! Меніңше, әйел үйде отыру керек деген қараңғы адамдардың ойы.
Сұхбаттасқан
Назерке МҰСА
stan.kz