Біздің президент бес тіл біледі? Сенің президентің ше?

0

Алматы қаласында екі күн қатарынан жастардың басын қосқан шаралар өтті. 18-наурыз күні Алматы аренада 15 мың жастың қатысуымен концерт ұйымдастырылса, 19-наурыз күні Алматыда 2 мың жастың қатысуымен президенттің бағытын қолдау акциясы ұйымдастырылды. Алматы әкімдігінің бұл шарасын жоғары бағалап жатқан жандар саны көп емес. Оны әлеуметтік желідегі пікірлерден көрсек болады. 

Мысалы Фейсбук желісінің қолданушысы Оразай Қыдырбаев былай депи жазыпты: «Түсінгенім бойынша, кеше Алматы Аренада президент Тоқаевты қолдайтын саяси концерт өткен. Ол концертке мыңдаған жас өз еркімен келіп қатысқан. Алайда олардың көбі концерттің саяси сипатта өтетінін білмеген: сүйікті танымал әншілер тегін өнер көрсететінін естіп, қуана барған. Соңында ұйымдастырушылар жастарды массовка ретінде пайдаланып кеткен. 

Биыл бірнеше бейбіт жиынға қатысқан адам ретінде мынаны айта аламын: азаматтар өз қалауымен келіп қатысқан митиңде компьютерге теріп басылған біркелкі плакаттар болмайды. Алаңға өз қалауымен, өз позициясын ашық білдіруге келген тұлғалар фотоға түсірген кезде жүзін жасырмайды, керісінше, өзін мақтана көрсетеді!Ең жаманы не, білесіз бе?

Қазірдің өзінде кешегі концерт пен бүгінгі митиңдің фотолары поезидентке жетіп барған шығар. Әрине, оған жастардың танымал әншілерді тыңдау үшін барғаны, университет тапсырма бергені үшін митиңге қатысқаны айтылмайды. Осыншама жастың оны қолдайтыны ғана айтылады. Сосын арадан жылдар өткенде, өзін мұндай ыстық ықыласпен жақсы көрген халқы қалай ғана оған орнатылған ескерткішті қиратып тастағанын түсіне алмай әлек болады», — депті. 

В Алматы проходит фестиваль-концерт "Жаңа Қазақстан. Күшіміз бірлікте" - фоторепортаж | Almaty.tv

(Сурет almaty.tv сайтынан алынды)

Ал саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов болса өз ойын былай тізбектейді: «Той-митингіден мынадай оптимист оймен қайттым: Алдағы президент және парламент сайлауларында электораттың қолдауынан жұрдай “Аманат” тас-талқан болып жеңіледі. Ол үшін азаматтық қоғам болып сайлаулардың әділ әрі ашық өтуіне қол жеткізуіміз керек. Өйткені Қазақстан жаңа ескі нұротандықтардың ғана отаны емес».

Молодежь готова участвовать в строительстве Нового Казахстана — "Munaranews"

(Сурет almaty.tv сайтынан алынды)

Журналист Руслан Меделбек болса былай дейді: «Бағлан деген әнші кешегі жастардың жаңа Қазақстанды қолдау даңғазасында «бақытты елміз, президентіміз бес тіл біледі» дейді… Бес-алты жас «Біздің президент бес тіл біледі? Сенің президентің ше?» деген плакатпен жүр.

Бақытты ел президенттің бес тіл білгенімен өлшенбесе керек. Бес тіл білмей-ақ елін бақытты еткен, бай еткен елдерді білеміз. Бақыттың өлшемін бүкіл елге танбау керек. Бақытты елден жастар кетпесе керек, бақытты елде коррупция, таныс арқылы өсу болмаса керек. Бақытты елде әр жас болашағына сенсе керек. Бақытта елде қысылтаяң шақта даңғазаға бір тиын да шашпаса керек…

Бақыт деген сусымалы ұғым ғой, бірақ бақыт дегенді билік я халықтың қалтасынан өзіне бақыт зонасын құрып алған әншісымақтар емес ауылда суға, жарыққа, түзу жолға қолы жетпей отырған қарапайым халық, түрмеде азапталған, балам азапталды деп шырылдаған ана, әлеуметтік лифт көрмей жүрген жастар да сезінуі тиіс».

(Сурет әлеуметтік желіден алынды)

Әлеуметтік желі қолданушылары Алматы әкімдігінің жастарды жинап, өткізген шарасын осылайша түрлі сынның астына алуда. Олар шараға әкімдіктің тікелей қатысы барын, мұндай халықты биліктің рұқсатынсыз өткізбейтінін де айтуда. Басым көпшілігі «Жаңа Қазақстанды ескі әдіспен құру мүмкін емес» деп ой түюде.