«Біздің өмірімізге анам араласқан жоқ»: Асхат Садырбай екінші әйелімен ара қатынасы жайлы — Қазақстан жаңалықтары

0

Соңғы кездері Асхат Садырбайды жақтаушылар да, даттаушылар да көбейді. Басым көпшілік оқырманның көкейінде тележүргізушінің жеке өміріне қатысты сұрақ пен күдік жиналған. Сол сұрақтардың жауабын білу үшін Stan.kz тілшісі әріптесімізге хабарласып сұхбат алды.

Асхат мырза, сұрақты елді уайымға салған вирустан бастайықшы. Карантин сіздің жұмысыңызға қаншалықты әсер етті?

Әрине, әлемге, елімізге төнген қауіп барлық салаға үлкен әсерін тигізді. Олардың ішінде біз де бармыз. Журналистер қоғамның белсенді салаларының бірі болғандықтан біздің жұмыс мүлдем тоқтап қалды деп айта алмаймыз. Біз үнемі байланыстамыз. Үнемі халыққа ақпарат берумен айналысып жатырмыз. Бірақ шектеулерге, төтенше жағдайдың талаптарына бағынуға бәріміз міндеттіміз. Өйткені бұйрықтың аты бұйрық. Әрине, біздің де жұмысқа кері әсерін тигізіп жатыр. Көп кейіпкерлерден сұхбат алатын болсақ, келе алмайды, шыға алмайды, қорқады. Карантин кезінде ешкім басын бәске тіккісі келмейді ғой. Наурыздың басында түсірілген бірнеше сұхбаттарды көрсетіп отырмыз. Жаңа түсірілімнің де уақыты келді. Бірақ қашан және қалай түсіретініміз әзірге түсініксіздеу және қиын болып тұр.

Карантиннің сізге әсер еткен плюсі мен минусын айтып бере аласыз ба?

Плюс жағы көбіміздің санамызға әсер етті деп ойлаймын. Бос шығын, бос қыдырыс, қажет-қажетсіз той-жиын, қажет-қажет емес нәрсе, ішіп-жеу осының бәрі тыйылды деп ойлаймын. Яғни, біз не маңызды, не маңызсыз, не құнды, не құнсыз деген мәселелерге көбірек көңіл бөліп, көп ойланатын болдық. Және үйде отырып жақындарымызбен көп сөйлесіп, рухани байып, басқа да жиналып қалған тірліктерімізді бітіріп жатырмыз.

Минусы әрине, ұзаққа созылмағаны дұрыс деп ойлаймын. Көптеген жұмыстар тоқтап тұр, соның салдарынан көп отбасылары қаржылай қиналуда. Одан бөлек-үрей. Ауру қайдан және қалай келеді деген қорқыныш. 

Әлі де халықтың кей бөлігі бұл вирусқа сенгісі жоқ. Саясаттың бір қулығы, билікте бір төңкеріс болады деп күтіп жүр. Жай жүрген жоқ, кей аудан ауылдарда адамдар қонаққа барып, еркін жүр. Сіз өзіңіздің анализіңіз туралы айта аласыз ба? Неге халық билікке сенбейді? Және дәл қазір ережеге бағынбау қаншалықты қауіпті?

Ондай биліктегі төңкерістерден Құдай сақтасын. Ауру мен апат айтып келмейді. Вирус келіп, бәріміз үйде қамалып отырамыз деп кім ойлапты?! Жол, пойыз, ұшақтар жұмысын тоқтатады деген ой ешкімнің түсіне де кірмеген шығар. Сондықтан, мұндай негізсіз болжамдарға көп сенудің қажеті жоқ. Бүкіл халық билікке сенбейді деп айту қате шығар. Керісінше, көп адамның жауапкершілігінің жоғары болғанынан маска тағып, сақтық шараларын жүргізіп жүргенін де байқаймын. Нұрсұлтан қаласында да көпшілігі ережеге бағынып жүр. Әрине, арасында ережеге еш бағынғысы келмейтіндер де бар. Ондай адамдар барлық жерде әрдайым болады деп ойлаймын. Әртүрлі интернетте қаптап кеткен фейк ақпараттар көп. Ақпараттың рас-өтірігін анықтамастан атойлауға болмайды. Қазір бүкіл әлем карантинде отыр. Ал, біз әлемнен бөлек планетада өмір сүрмейміз. Көрші елдерде осындай жағдай. Менің ойымша, дәл осы жағдайда биліктен қулық күту ақымақтық шығар. Ал, ережеге бағынбайтындар өз жазасын алуда. Мысалы, кейбір сауна, лаундж-барлар ережеге бағынбай жұмыс жасаған. Ол жақта демалуға барған мемлекеттік қызметкерлер де ұсталғанын естіп-көріп жатырмыз. Бәрі өз жазасын тартуда. Ереже мен заң бәріне бірдей. Тәртіпке бағынған құл болмайды.

Бір жазбаңызда аурухананың жағдайын жазған едіңіз. Қаншалықты сіздің шырылдаған жан айқайыңызды билік ести алды?

Шымкент қаласындағы Асар ауруханасы туралы жазған едім. Жалғаздың шаңы шықпас дегендей түк өзгермеді. Жанайқайымды ешкім естімеді. Бірақ, мүмкіндік болса мен министрге, Шымкент қаласының әкіміне осы мәселені айтқым келеді. Бұл мәселе тек Шымкентте ғана емес, барлық Қазақстанда бар деп ойлаймын.

Көп өнер иелері кризис жоқ, сәл шыдау керек деп сұхбат берді. Расында елде кризис жоқ па? Әлде оны тек қалтасы қалыңдар сезбей жүр ме? Сізге кризис сезіле ме?

Вирустың, карантиннің экономикаға әсері енді тиеді. Ол айналып өтпейді. Мұны бүкіл мамандар, сарапшылар, экономистер айтып отыр. Мен біздің Ұлттық қорда бұл қиындықтан шығатын қаржы жеткілікті деп естідім. Бәрібір қордағы қаржыға сеніп, қол қусырып отыруға болмайды. Себебі,  күзде де бұл  вирустың қайталануы мүмкін дегенді естіп қалдық. Сондықтан, қандай жағдайға да дайын болу керекпіз. 

Жастармен көп жұмыс жасап жүрсіз. Қазіргі жастарға анализ жасап көрейікші: оларды не толғандырады? Нені қанағаттанады, ал неге наразы?

Қазіргі жастар әртүрлі.  Шынымен ізденіп,  жетістікке жетіп жүрген жастар бар. Жай уақыттарын бос өткізіп жүргендер де көп. Қазіргі жастарды толғандыратын мәселелер  мені расында қуантады. Кәсіп жағынан болсын, технология жағынан да ізденіп, оқып, нәтижеге  қол жеткізіп жүрген жастар көп. «Офисте ғана жұмыс істеу керек. Мемлекеттік қызметкер болу керекпін. Бастық боламын»  деген стреотип жойылса қоғам өзгереді. Мен соған сенемін. 

Қоғамда тағы бір мәселе бар. Әйел құқығы. Тіпті 8 наурыз қарсаңында Қазақстанда әйелдер алғаш рет бейбіт шеруге шықты. Сіздің ойыңызша әйел құқығы не және қандай болу керек?

Олардың көтеріп жүргені дұрыс. Бұл айтылу керек, жазылу керек мәселе. Жылына тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаншама әйелдер дүниеден өтіп жатыр. Қандай жағдай болса да ешкімнің біреудің құқығын таптауға, өмірін алуға құқы жоқ.  Заң бар.  Егер расында да біз құқықты-зайырлы  елде өмір сүріп жатсақ, заң бізді қорғау керек.  Қорланып жатқан әйелдерде бар, қорлық көріп жүрген балалар да бар.  Неше түрлі видеолар қазір тарап жүр. Өз ата-анасының соққысын көрген балаларды да көрдік. Балалар үйінде көрген қорлықты да көрдік. Адами құндылықтар жоғалып барады. Агрессия, ашу бар. Қазір қоғамда мұндай проблема өте көп. Заң осал ма, әлде жаза әлсіз бе әйтеуір бұл мәселе әлі шешімін таппады. Мұны менде көп ойланып, ізденіп жүрмін. Жақында ғана алматылық қоғам белсенділері осы тұрмыстық зорлық көріп жүрген балаларды, әйелдерді, әкелердің мәселесін қорғайтын орталық ашады деп естіп қалдым. Мен қос қолдап қолдаймын. Қолдан келсе, мен де көмек бергім келеді. Мен адамды өлтіруді және адамды қорлауды тоқтату керек деп ойлаймын. 

Осы сәтте тағы бір сұрақты қояйыншы. Жеке басыңызға қатысты. Жұбайыңыз да, өзіңіз де парақшаңызда пост салып, бала мәселесін көтердіңіздер. Әрине, әр отбасының өз кухнясы бар. Менің оны талқылау ойымда жоқ. Тек баланы анадан бөлу немесе анаға көрсетпеу бұл ӘЙЕЛ МЕН БАЛА ҚҰҚЫҒЫНА қол салу емес пе?

Мен сол кезде: «жалған ақпараттар тарап жатыр. Заңгерлер айналысуда және сот болады» деп айтқан едім. Біз әлі заңды некедеміз. Ажырасқан жоқпыз. Отбасында кикілжің, түсінбеушіліктер болады.  Сондықтан, асығыс жалған ақпараттар таратпау керек еді. Заңгерлер бәрін тіркеп отыр. Карантинге байланысты кей мәселелер созылып кетті. Сондықтан, бұл мәселеге әлі нүкте қойылған жоқ. 

Екіншіден, баланы анасынан немесе әкесінен айырып жатқан адам жоқ. Егер менің нақты балама келетін болсақ: ол өзінің үйінде өсіп жатыр. Балабақшасына барып жүр. Дамып жатыр. Қазір онлайн сабақ оқып жатыр. Басқа мәселелер заң түрінде өз тәртібімен шешіледі деп сенемін. Неге менен жаман кейіпкер жасап, теріс көрсету қажет болғанын білмеймін. Аққа құдай жақ. Алланың таразысы тең. Сондықтан, асығыс шешім шығармай,әліптің артын бағайық.

Әйел мен баланың құқығына ешкім қол сұққан жоқ. Менің тарапымнан ешқандай заң бұзушылық болмады. Екінші тараптан көптеген түсініксіз жағдайлар болып жатыр. Оны заңгерлер ескеруде. Сот процесі болып жатқандықтан көп нәрсе айта алмаймын. Оны өзіңіз түсінесіз деп ойлаймын. Әр нәрсе сотқа әсер етеді. Нақты соттың шешімі шыққан соң бәрін ашық айтамын. Тағы да қайталап айтам баламның жағдайы өте жақсы. Тағы осы жерде айта өтейінші. Менің анам ешқашан менің жеке өміріме араласқан емес. Анамды да қаралап үлкен жала жабуда. Оқырманға айтарым: жалған ақпаратқа сенбеңіздер. Сот біткенде бәріңіз көріп-білетін боласыздар.

Балаңызға психологиялық соққы келеді деген ой болмады ма? 

Мен бірінші кезекте баланың психологиясын ойлайтын адаммын. Баланың денсаулығы мен өсіп-өнуі үшін жүгіріп жүргеніміз бар. Ешқашан балаға қатысты жауапкершіліктен қашқан емеспін. 

Асхат Садырбай болашақта журналист боламын деген жастарға оқуға кеңес беретін бес кітабы қандай?

Қазір жаңа кітаптар көп. Кейбірін тіпті мен де оқып үлгермедім. Нақты журналистика саласына сай келетін мына кітапты оқыңыз деп айта алмаймын. Ал, қазақ жазушыларынан Оралхан Бөкей, Шерхан Мұртазаның кітаптарын оқуға кеңес беремін. Және олардың қатарында Бауыржан Момышұлын, Абайды, Мұхтар Әуезовты оқу керек. Классик жазушыларды оқыса, тіл байлықтарына үлкен көмек болады.
 

stan.kz