Біздер жастарды заманауи қасиеттерге баулуымыз қажет
Жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеудің аса маңызды міндет. Алайда, жастардың отаншылдық рухы жалаң ұраншылдық пен жоғары мансапқа емес, ең алдымен, терең білімге негізделуі тиіс — сенатор.
Президентіміз жариялаған Жастар жылының ең басты мақсаты — өскелең ұрпақтың барынша сапалы өмір сүруіне қажетті жағдай жасау. Өйткені, жастар – бұл мемлекетіміздің күш-қуатын еселейтін ең негізгі, мықты буын. Бұл тураыл Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік жастар саясаты туралы заңын іске асыру тақырыбына орай өткізілген дөңгелек үстел отырысында айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның айтуынша, мемлекеттің дамуы, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұлтымыздың өркендеуі біздің өзімізден басқа ешкімге қажет емес екені анық. Сондықтан біз жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеудің аса маңызды міндет.
«Алайда, жастардың отаншылдық рухы жалаң ұраншылдық пен жоғары мансапқа емес, ең алдымен, терең білімге негізделуі тиіс. Келешек шынайы біліммен қаруланғандардың қолында екенін баршамыз жақсы білеміз. Инновациялық табысқа қол жеткізген және сол жетістіктерді өз халқының игілігі үшін пайдалана білген мемлекеттер ғана көш алдында болары анық»,- деді Тоқаев.
Төрағаның сөзіне сүйенсек, әлем қауымдастығы айқын қарама-қайшылықтардың алдында тұр. Ғылым мен жаңа технологияларға ден қойған мемлекеттердің жолы даңғыл болары сөзсіз. Қалғандары күнкөрістің қамын күйттеп, жолы болып жатса, дайын ғылыми өнімді тұтынушылардың қатарына қосылады.
«Әлемдік сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанда жалпыұлттық және жаһандық міндеттерді жүзеге асыруға қабілетті, шығармашылық ойлау әлеуеті жоғары, алдына биік мақсаттар қоя білетін жастар аз емес. Біздің, парламентшілердің алдында тұрған міндет — осындай дарынды жастарға қажетті құқықтық жағдай жасау болып табылады. Жастар жылының мән-маңызы да осында»,- деп атап өтті спикер.
Оның ойынша, аяқ басқан жаңа ғасырда біздің алдымызда терең ойлы, еңбекқор, сындарлы, төзімді, ұтқыр және жаңашылдыққа ұмтылған ұлттың жаңа бейнесін, демек, бәсекеге қабілетті ұлт иесін қалыптастыру міндеті тұр.
«Жоғары оқу орындарындағы бағдарламалардың мазмұны жастарды дәл осы заманауи қасиеттерге баулуы тиіс. Осы орайда, отандық жоғары білім беру жүйесінің көшін бастап тұрған – Назарбаев университеті еліміздегі білім ордаларына бағдар бере алатынын ескеру қажет. Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, ең алдымен, жастардың мақсат-мүддесін көздейтін бірегей жоба. Бұл қоғамды жаһандық өркениеттің теңдессіз жетістіктерімен таныстыратын, жаңа құндылықтарға, атап айтқанда, сындарлы көзқарас пен еңбекке деген сүйіспеншілікке тәрбиелейтін кең ауқымды бағдарлама. Алайда, біз халқымыздың рухани мұрасына адал болып, өткеннің сабақтарын ұмытпауымыз қажет»,- деп сөзін жалғады ол.
Сенат төрағасының сөзінше, мемлекет басшысы бастама жасаған жаңа ауқымды жобалар жастар саясатындағы жүйелі өзгерістерді қамтиды.
Бұл тұста білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, жастардың арасындағы кәсіпкерлікті ынталандыру, денсаулықтарын нығайту, жас ұрпақ үшін тиімді жұмыс істейтін әлеуметтік сатыларды іске қосу туралы сөз болып отыр.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша назар аударылатын болады. Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша еліміздегі жастардың 40 %-ға жуығы тұрақты түрде жұмысқа орналасу проблемаларын бастарынан өткізеді екен.
«Алайда, қазіргі уақытта жастардың арасындағы жұмыссыздық барлық әлемде өткір мәселеге айналып отыр. Соңғы деректер бойынша жастардың жұмыссыздық деңгейі 13%-ды құрайды, ал кейбір елдерде 40%-ға жетеді. БҰҰ деректері бойынша әлемдегі әрбір бесінші жас оқымайды және жұмыс істемейді»,- деді Тоқаев.
Оның сөзінше, жастарымыздың бойында кәсіпкерлік бастамаларды іске асыра білу қабілетін тәрбиелеу қажет.
«Өкінішке орай, кәсіпкерлік саласы Қазақстан жастарын әлі де қызықтырмай отыр. Әлеуметтік сауалдардың деректері бойынша сұралған жастардың 51 %-ының бизнеспен айналысу туралы ой жоспарында жоқ екен. Бұл проблемаға басқа жағынан қараған дұрыс. Мүмкін, біз бизнеспен айналысу үшін өзіміз тиісті жағдай жасамай отырған шығармыз?» — деп сұрады Төраға.
Оның айтуынша, туризм жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту бағытында келешегі зор салаға айналады. Біздің елімізде экологиялық, спорттық-сауықтыру және экстремалды туризм салаларын дамыту үшін барлық мүмкіндіктер бар.
«Туризм саласы бойынша білікті мамандардың жетіспеушілігін ескере отырып, еліміздің жоғары оқу орындарында туризм және қонақүй бизнесі факультеттерін кеңінен ашу қажет», — деді ол.
Ол сонымен қатар қазіргі әлемде волонтерлік институтын дамытуға үлкен мән берілуде екенін де атап өтті.
«Жастарды парламенттің және жергілікті өкілетті органдардың жұмысына кеңінен тарту қажет деп есептеймін. Біз өздерінің азаматтық көзқарасын белсенді түрде білдіре алатын және оны табандылықпен қорғайтын жаңа буын өкілдеріне қолдау көрсетуіміз керек»,- деді Сенат спикері.
Сондай-ақ алға қойған мақсаттарына қол жеткізіп, өзін-өзі дамытуға талпынған жастарға шынайы қолдау қажет екені де айтылды.
Тоқаев сонымен қатар бүгінгі күні барша қоғам балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мәселесіне баса назар аударды.
«Мектептерде орын алып отырған зорлық-зомбылық жағдайлары – бұл барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшілік екенін мойындау қажет. Бұл мәселеге көз жұмып қарауға болмайды. Осы түйткілдің шығу себептерін анықтап, мектептерді жайлаған қорқыныш пен үрейден түбегейлі құтылу үшін нақты шаралар қолдану қажет. Бұл мұғалімдердің, ата-аналар мен жастар ұйымдарының, барлық деңгейдегі әкімдердің және тұтас қоғамның алдындағы маңызды міндетке айналуы тиіс»,- деп атап өтті Төраға.
Ол жастардың дінге байланысты қарым-қатынасын да назардан тыс қалдырмады.
«Еліміздегі әрбір жас азамат, өзінің діни сенімінен тыс мемлекетке, оның заңдары мен нышандарына құрметпен қарауы тиіс. Мектептердегі жүріс-тұрыс әдебі және киім кию үлгісі халықаралық тәжірибені, ең бастысы, халқымыздың ұлттық дәстүрлерін негізге алуы керек. Шын мәнінде, біз шетелден келген «жалған діни стереотиптерді» емес, ұлттық дәстүрлерімізді арқау етуіміз тиіс. Бүгінгі таңда діни сеніміне бола балаларды білім алу мүмкіндігінен айырып, олардың білім көздерінен қол үзуіне мәжбүр болған жағдайлар орын алып отыр»,- деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның ойынша, бұл мәселе бойынша әлі де толыққанды шешім табылған жоқ. Сондықтан осы күрделі мәселе жөнінде келісілген және орынды шешім табу үшін Парламент пен Үкімет бірлесіп жұмыс істеу қажет.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
[ad_2]
Zakon.kz