«Бізде де қорқыныш, үрей бар»: Халыққа қызмет көрсету орталығы карантин кезінде де жұмысын жалғастыруда — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге алынып, барлық қызметтер дистанциондық режимге ауысты. Алайда, Алматыдағы халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын тоқтатқан жоқ. Құжаттарын арқалаған халық та толассыз келуде. Карантин жарияланғалы бері тіптен ағыла бастаған. Өмірлерін қауіпке тігіп жұмыс істеп отырған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері денсаулықтары үшін қорықпай ма? Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі Алматыдағы Жетісу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының карантин кезіндегі жағдайын көріп қайтқан еді.

халыққа қызмет

Жетісу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Атағарова Алмагүл Уәлиқызының айтуынша, карантинге қарамастан халық орталыққа келулерін тоқтатпаған. Алғашқы күндері тіпті көбейіп кеткен.

«Карантин жарияланған алғашқы күндері адамдар көп келді. Көбісінде орталық жабылып қалса, құжаттарымызды ала алмай қаламыз деген үрей болған шығар. Бірақ біз бұрын қалай қызмет көрсетсек, сол күйінде жұмысымызды атқара береді. Өйткені біз мемлекеттік қызметкер болғандықтан, халыққа қызмет көрсету міндетіміз. Қазір қалада карантин жарияланып, келушілер саны біраз азайып қалды. Өйткені облыстағылар қалаға кіре алмайды, көпшілік қызметтерді үйден алуда. Қазіргі жағдайда 10-20 адамнан кіргізіп жатырмыз. Қызметкерлеріміз де 5-10 минутқа далаға шығып тұрады. Бұл біздің сақтығымыз үшін. Бұрын халыққа қызмет көрсету орталығы күніне мыңдаған құжат қабылдаса, қазір статистика бойынша күніне 45 құжат ғана тапсырдық. Көбінесе зейнеткерлер және декретке шыққан, жеке мүлігін кепілдікке қою секілді құжаттар бойынша келуде», — Атағарова Алмагүл.

қыз маска

Қаладағы барлық қызмет көрсету орталығы бұрын кешкі сегізге дейін жұмыс істесе, карантинге байланысты қазір сағат 09:00-17:00-ге дейін жұмыс уақыты қысқартылған. Қызметкерлер өз денсаулықтары үшін қорыққанымен,  халық үшін қызмет көрсетуге міндеттіміз деп отыр.

«Қазіргі уақытта әр адамның денсаулығы және отбасымыз үшін уайымдайтын үлкен бір жағдай. Әрине бізде де қорқыныш, үрей бар. Ол әрбір азаматта болады. Бірақ жұмыс істеп жүрсең де, үйде сақтанып отырсаң да, далада жүрсең де ауру басыңа түссе, ол ештеңеге қарамайды. Біз халыққа қызмет етіп, көмегімізді аямауымыз керек. Мемлекттік қызметте болған соң да үздіксіз жұмыс істеуіміз міндет деп ойлаймыз. Халыққа қызмет көрсету орталығы жабылып жатқан жағдайда телефон арқылы азаматтарға көмектесуге біздің мүмкіндігіміз бар», — дейді Жетісу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы.

маска

Ал бұрын құжаттарын жасатпаған халыққа карантин шаруаларын бітіріп алуға оңтайлы болғандай. Өйткені екі-үш ай бұрын жасатпаған құжаттарын енді тапсыруға келген азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығында сабылып жүр. Олардың ешбірі коронавирус жұқтырып алудан еш қорықпайтын сыңайлы. 

«Мен зейнетке шығып жатырмын. Құжатты екі-үш ай бұрын тапсыруым керек болатын. Бірақ жұмыстан шыға алмай жүрдім. Қазір карантинде уақытша демалысқа шығып, құжаттарымды жөндеуге келдім. Банктен келе жатырмын. Олар да жұмыс істеп тұр екен. Коронавирус тарап жатқанда ары-бері жүруден әрине қорқамыз. Бірақ не істейміз енді? Жалақысыз қалдық, зйнетақы алуымыз керек. Ең бастысы маска киіп алдым. Аллам өзі сақтасын. Барынша сақтанып жатырмыз», — дейді зейнетке шыққан полиция қызметкері Жанар ханым.

stan.kz