#БізАлматы жобасының форумында Алматыда туризмді дамытудың негізгі бағыттары талқыланды

0
147

Форумда әкімдік, Visit Almaty туристік ақпараттық орталығы, «Қазақ Туризм» АҚ өкілдері, кәсіпкерлер мен қала белсенділері Алматыдағы туризмді дамытудың жетістіктері мен келешегін, туристік брендті және Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны әзірлеудегі қаланың рөлін талқылады.

Бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сыртқы және ішкі туризм кез келген қала мен мемлекет үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады. 2019 жылы Қазақстанда алғаш рет Туризмді дамытудың 2023 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы әзірленеді. Бағдарламаның басты көрсеткіші туризмнің ЖІӨ-ге қатысты үлесін 8%-ға дейін ұлғайту болмақ.

Бүгінде Қазақстанға жасалған барлық сапарлардың бестен бірі Алматының үлесінде, оның ішінде ішкі сапарлар да бар, 40% – шетелдік туристер. Алматыда 2018 жылы туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 11% артты. Туристердің көпшілігі Ресей мен Қытайдан келеді.

Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы ілгерілету бөлімінің жетекшісі Аслан Қоңырхановтың айтуынша, Алматыда 4 фокустық нарық бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, олар – Ресей, Қытай, Иран және Үндістан. 2018 жылы басқарма туризмді дамытуға 1 млрд теңге бөлді, қаражат туристік инфрақұрылымды және Алматының туристік әлеуетін дамытуға, кадрлық әлеуетті қолдауға жұмсалды. Әуежай, такси және вокзал қызметкерлері үшін туристерді қарсы алу және оларға қызмет көрсету  бойынша тренингтер өткізілді.

«2017-2018 жылдары Алматыда туризмді дамыту мақсатында біз шетелдік BBC, Euronews телекомпанияларымен, TripAdvisor ірі туристік сайтпен  әріптестік жұмыстарын жүргіздік. 7 туристік көрмеге қатыстық —ITB Berlin, ITB Asia, Барселонада ibtmworld, Лондонда WTM және Мәскеуде Mitt. Сонымен қатар, фокустық елдерде біз қаланың туристік өнімін таныстырдық, ең ірі шетелдік туроператорлар үшін ақпараттық турлар өткіздік», – деді Аслан Қоңырханов.

Алматыда инфрақұрылымды дамыту және туризм саласындағы кедергілерді жою бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Бүгінде қалада 139 саябақ, 19 театр, 2 мыңнан астам кафе мен мейрамхана, 20 мұражай, 265 қонақ үй, хостел, 14 көрме орталығы мен галерея бар. «Адамдарға арналған қала» бағдарламасы бойынша тарихи орталықтың 60% жаңғыртылды. 8 ақпараттық дүңгіршек орнатылды: әуежай, вокзалдарда, Абай мен Достық даңғылдарының қиылысында, Панфилов көшесінде және т. б. Almaty Pass картасы жасалды, оны сатып алған турист қоғамдық көлікті пайдаланып,  Алматы қаласының көрікті жерлеріне бара алады. Қаланың барлық көрікті жерлеріне QR-кодтар орнату бойынша жұмыс жалғасуда, қосымшаны жүктеп алған турист гидсыз-ақ нақты бір нысанның тарихын тыңдай алады.

А.Қоңырхановтың айтуынша, «Боралдай сақ қорғандары» мұражайы, Вознесен соборын қайта қалпына келтіру, «Этнолэнд» этномәдени кешенін, Райымбек батыр мемориалдық кешенін салу сияқты бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. «Этнолэнд» кешені аясында ішкі және шетелдік туристер Алматының мыңжылдық тарихымен танысып, мәдениеті, ерекшелігі  туралы біле алатын орталық құрылады. Сондай-ақ орталық базасында ірі іс-шаралар өткізіледі.

Мықтап қолға алынған тағы бір бағыт – экотуризм: Алматы маңында туристер үшін бірегей орын болып табылатын 5 ұлттық саябақ бар: олар шөл далаға барып, «Хан Тәңірі» шыңына шығып, Шарын шатқалына және Көлсай көлдеріне бара алады.

Сонымен қатар, Алматыда іскерлік туризм бойынша көптеген бизнес шаралар өткізіліп келеді. А.Қоңырханов атап өткендей, іскерлік туризм қазір туристік ағымның айтарлықтай үлесін алып отыр. Алматыда жыл сайын 50 ірі халықаралық іс-шара өткізіледі. Сондай-ақ оқиғалық және спорттық туризм дамытылуда. Мысалы, «Алматы марафоны» және «Дала рухы» этнофестиваліне шетелдік туристер көп келеді.

Өз кезегінде «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Урбанистика орталығының жетекшісі Наталья Ливинская шетелдік сарапшылар Алматыны Орталық Азияның мәдени астанасы ретінде қабылдайтынын атап өтті: «Қазір Алматы қаласын дамыту орталығы «Алматыбасжоспар» ҒЗИ-мен бірлесіп қаланың Шеберлік жоспары тұжырымдамасын жасап жатыр. Бұл жұмысқа тартылған халықаралық сарапшылар бірінші кезекте Алматыны – Орталық Азияның мәдени астанасы деп атайды. Шынында да, Алматының ерекшелігі –біздің мәдениетімізде, менталитетімізде, түп-тамырымызда».

Шара соңында Visit Almaty туристік ақпараттық орталығы жанында Алматы брендін ілгерілету бойынша жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына қала әкімдігі, туристік қауымдастықтар, жеке туристік компаниялар мен қала белсенділері кірді.

Дереккөз: http://egemen.kz/