Біз Қазақстанда тудық, қазақша өмір сүріп, қазақша ойланамыз — Рамила Мустафаева
Облыстық «Гарабах» әзербайжан этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рамила Мустафаева қиын қыстау заманда әзербайжан халқын жатсынбай бауырына басқан қазақ халқына алғыс айтты.
Рамила Мустафаеваның аталары 1937 жылы саяси жағдайларға байланысты Таулы Қарабақтан Созақ жеріне көшіп келген. Анасы Теріскей топырағында туған. Дегенмен, сол кездегі екі жасар бүлдіршінді он бір баланың ішінен таңдап, Қарабаққа қайта алып кетіпті. Ал, кейін есейіп, отбасылы болған соң, 1976 жылы туған жері Қазақстанға түбегейлі қоныс аударды.
«Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ғасыр жасап отырған нағашы атам әлі күнге дейін бізге сол сәтті көзіне жас алып айтып отырады. Алғашқыда барлығымызды бұл елге өлтіру үшін әкеле жатыр деп ойлаған екен. Бірнеше күнге созылған ауыр сапардан тірі қалғандарды Созақ ауданының қазіргі орталығына жеткізген. Ол кезде атам 13 жаста болған. Бірақ, қазақ халқы жылышырай танытып, ыстық шай мен тамақ ұсыныпты. Бір үйде үш күн қонақ болып, кейіннен үйді-үйге бөлініп қоныстанған. Арада уақыт өте келе қазақ халқы бәріміздің баспаналы болуымызға жәрдемдесті. Өлтіреді деп ойлаған қазақтардың бізді өз бауырындай көргені жадымыздан мәңгі өшпейді», дейді ол.
Рамила Мустафаева Сайрам ауданы әкімдігінде он жылға жуық қызмет еткен. Ұжыммен әлі күнге дейін тығыз қарым-қатынаста. Қазақстанда достары да көп.
«Қазір біз атамекеніміз – Әзербайжанға барсақ, бір апта өтер-өтпес Қазақстанға қайтқымыз келіп тұрады. Тіпті, ол жақтағы халықтың кейбір сөздерін түсінбей қалатын жағдайлар да кездеседі. Тіршілігіне де үйрене алмаймыз. Өйткені, біз Қазақстанда тудық, осы елдің тәрбиесін сіңірдік, осы елде өсіп-өндік және ең бастысы, біз қазақша ойланамыз. Тіпті, әзербайжандарға қарағанда қазақ достарым көп. Тағы бір айта кетерлігі, анамның әпке-сіңлілері қазақ, грузин, әзербайжан, түрік, тәжік, енді бірі шешенге тұрмысқа шыққан. Санап көрсем, біздің әулетімізде сегіз түрлі ұлт өкілі бар екен. Баршамыз бір атаның балаларындай тату тәтті тұрып жатырмыз. Осы орайда, әрбір ұлтты жатсынбай, тіршілігін алаңсыз жасауына мүмкіндік берген, бізді бауырындай көрген дархан көңілді қазақ халқына алғыс айтамын!» — дейді Рамила Мустафаева.