Біз ата-бабаларымыздан да ұзақ өмір сүріп жүрміз бе?

0

Фото: Interesno.cc

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда медицинаның ғажайыптары мен тамақтану ерекшеліктері қазіргі ұрпақтың адамзат тарихындағы ең ұзақ өмір сүру мүмкіндігіне ие буын екеніне сенбеске амал қалдырмайды. Дегенмен, расымен біз соншалықты ерекшеміз бе? BBC Future басылымының авторлары осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көріпті.

Соңғы бірнеше онжылдықта бүкіл әлем бойынша адамдардың өмір сүру ұзақтығы күрт артты. Біріккен Ұлттар Ұйымы 1960 жылдан бері жаһандық мәліметтерді сақтап келеді. Мамандардың айтуынша, сол жылы дүниеге келгендер орташа есеппен 52,5 жас өмір сүреді. Ал қажетті мәліметтерді бұдан ертеректе жинай бастаған Ұлыбританияда бүгінгі таңда өмір сүру ұзақтығы орташа есеппен 72 жасты құрайды. Бұл мемлекетте 1841 жылы дүниеге келген қыздар орташа есеппен 42 жасқа, ер балалар 40 жасқа дейін өмір сүрген. Ал 2016 жылы туған қыздар ендігі орташа есеппен 83 жасқа, ер балалар 79 жасқа дейін өмір сүре алады деп болжанып отыр.

Бұдан санамызда заманауи медицинаның жетістіктері мен қоғамдық денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстар адамға ұзақ өмір сүруге мүмкіндік бере бастады деген ұғым қалыптасатыны сөзсіз. Тіпті, бұл көрсеткішті одан да арттыра түсу үшін инновациялар әлі де жеткіліксіз деп те ойлауымыз мүмкін.

2018 жылдың қыркүйек айында Ұлыбританияның Ұлттық статистика басқармасы бұл елде өмір сүру ұзақтығының өсімі тоқтағанын хабарлады. Бұл көрсеткіш аздаған деңгейде болса да бүкіл әлем бойынша байқалған.

Бұл қазіргі ұрпақ өмір сүру ұзақтығының шыңына жетті ме деген сұраққа жетелейді. Сонымен қатар біздің ата-бабаларымыздың аз өмір сүргенін еске түсіреді. Бүгінде ежелгі гректер мен римдер 50 немесе 60 жастан асқан адамдарды көрсе қатты таңғалғаны аңызға айналғаны тағы бар.

Мамандардың айтуынша, медициналық жетістіктер денсаулық сақтау саласының көптеген аспектілерін жақсартқанымен, жүздеген немесе мыңдаған жылдар бойы өмір сүру ұзақтығы артып келе жатқаны туралы жаңсақ ұғым қалыптасқан. Түрлі есептерде көрсетілген статистикаға сенсек, орташа өмір сүру ұзақтығы біз ойлағандай анағұрлым көп айырмашылықпен артып отырмаған.

«Адамдардың өмір сүру ұзақтығы мүлдем өзгермеген. Бұл статистикалық конструкцияға ғана байланысты болып отыр. Мысалы, сіздің екі балаңыз бар. Біреуі туа салып шетінеп кетті де, екіншісі 70 жасқа дейін өмір сүрді. Екеуінің орташа өмір сүру ұзақтығы 35 жасты құрап тұр. Математикалық тұрғыда бұл өте дұрыс, бірақ бұл бізге толық картинаны көрсете алмайды. Әсіресе, бұл бала өлімі көп болған дәуір мен өңірлерді қарастырған кезде проблема туғызып жатады, себебі адамзат тарихының көп бөлігінде балалар арасындағы өмір сүру коэффициенті нашар болған. Бұл проблема, тіпті, бүгінгі күннің өзінде кейбір мемлекеттерде сақталып келеді», — дейді Стэнфорд университетінің тарихшысы Вальтер Шейдель.

Дегенмен, бұл пікір ежелгі гректер мен римдердің 30 немесе 35 жасқа дейін ғана өмір сүргені туралы теорияны түсіндіре алмайды. Сонда расымен бұл статистика балалық шағында өмірмен қоштасқандар есебінен осындай болып тұр ма? Әлде 35 жас расымен де «қарттық» ретінде қабылданды ма?

Ежелгі тарихшылардың жазбаларына сүйенсек, отыз жас «қарттық» ретінде саналмағанын байқауға болады. Мысалы, б.з.б. VII ғасырда ежелгі грек ақыны Гесиод «Ер адам отызға жетпей емес, отыздан асып барып үйленуі керек» деп жазды. Ал ежелгі Римде cursus honorum атты әскери және саяси сатының ең бастапқысы – квестор қатарына 30 жастан асқандар ғана алынған. Тек кейінірек император Август бұл межені 25 жасқа түсірген болатын.

Бірінші ғасырда Плиний «Табиғи тарих» (лат. — «Naturalis Historia») атты еңбегінде бәрінен де ұзақ өмір сүрген адамдарға бір бөлім арнаған. Оның ішінде автор 100 жыл өмір сүрген консул Марк Валерий Мессала Корвин; Цицеронның әйелі, 103 жыл өмір сүрген Теренция; 15 баласы бар және 115 жыл өмір сүрген Клодия есімді әйел; 100 жасында сахнада ойнауын тоқтатпаған актриса Луккия атты адамдардың атын атаған. Бұдан бөлек қабір үстіндегі жазулар да осынша ұзақ өмір сүрген адамдардың болғанына хабар береді. Мысалы, б.з.б. 3 ғасырда Александрияда қаза тапқан әйелдің қабірінде «Ол 80 жаста еді», деп басталатын эпиграмма жазылған.

Дегенмен, ежелгі заманда ұзақ өмір сүрген адамдар болғанымен, олардың қатары көп болды ма?

Империялар дәуірі

1994 жылы Оксфордтың классикалық сөздігіне енген ежелгі Грекия мен ежелгі Римде өмір сүрген әр адам туралы зерттеу жүргізілді. Одан кейін олардың қаза тапқан жасы кейінірек құрастырылған Chambers биографиялық сөздігіндегі адамдар туралы деректермен салыстырылды.

Мамандар анықтағандай, 397 ежелгі адамның 99-ы біреудің қолынан немесе соғыс кезінде қаза тапқан. Б.з.б. 100 жылға дейін дүниеге келген қалған 298 адам орташа есеппен 72 жасқа дейін өмір сүрген. Ал б.з.б. 100 жылдан кейін дүниеге келгендер орташа есеппен 66 жыл өмір сүрген. Ғалымдар бұл көрсеткіштің кемуіне қауіпті су құбырының көп тарауы себеп болуы мүмкін екенін болжап отыр. Ал 1850 және 1949 жылдар аралығында туғандардың орташа өмір сүру ұзақтығы 71 жасты құрайды. Яғни, олардың орташа өмір сүру ұзақтығы б.з.б. 100 жылға дейін өмір сүрген ата-бабаларынан бір-ақ жылға аз болып тұр.

«Әрине, бұл статистиканың да өзіндік кемшіліктері бар. Біріншіден, бұл жерде тек ер адамдар ескерілген. Дегенмен, бұл сөздіктерде тек танымал әрі аты тарихта қалуы тиіс деген тұлғалар ғана енгізілген. Ал шын мәнінде олардан да ұзақ өмір сүрген, бірақ танылмаған адамдардың да болуы мүмкін екенін ескеру керек», — дейді Вальтер Шейдель.

Оның бұл ойымен келіспейтіндер де баршылық.

«Кедей мен элиталы римдіктің өмір сүру салтында айырмашылық жер мен көктей болды. Тұрмыстың жеңілдігі, медициналық терапияға қолжетімділік, тіпті, қарапайым гигиенаның өзі әртүрлі болды», — дейді Рим университетінің медициналық тарихшысы Валентина Газанига.

Ол 2016 жылы бір қабірде жерленген екі мыңнан астам ежелгі римдіктердің қаңқасы туралы зерттеуін жариялаған болатын. Оның айтуынша, олардың орташа өмір сүру ұзақтығы 30 жасты құраған және бұл жай ғана статистика емес. Қаңқалардың көбінен ауыр жұмыстың азабын тартқаны, сонымен қатар қартайғанда пайда болатын артрит секілді ауру белгілері байқалған.

«Ер адамдар қол еңбегінен немесе әскери қызметтен жарақат алған болуы мүмкін. Ал әйелдердің өмірі қиын болды. Олардың нашар гигиеналық жағдайдағы жүктілігінің өзі қауіпті болған. Мысалы, жүктілік біздің иммунды жүйемізге кері әсер ететінін білеміз. Мұндай кезде адам басқа да ауруларды тез жұқтырып алуы мүмкін. Сонымен қатар ежелде әйелдерді ерлерге қарағанда нашар тамақтандырған. Яғни, әйелдердің аз өмір сүруіне әсер ететін факторлар өте көп болды», — дейді Оксфорд университетінің тарихшысы Джейн Хамфрис.

Мәліметтердің аздығы

Біздің заманымыздан бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыздың орташа өмір сүру ұзақтығын білуге кедергі басты проблема – мәліметтердің жоқтығы. Мысалы, ежелгі римдіктердің орташа өмір сүру ұзақтығын білу үшін ғалымдар ежелгі Мысыр жазбаларына сүйенеді. Бірақ олар салық жинау үшін пайдаланылған мәліметтер болғандықтан, балалар мен әйелдерді ескере бермегені тағы бар. Ал мыңдаған римдіктердің қабіріндегі жазулар бар дейін десек, сәбилер мен балалар қабірге жерленбеген. Ал эпидемия кезінде көз жұмғандар туралы айтудың да қажеті шамалы. Сонымен қатар, мәліметтерді пайдалануда тағы бір мәселе бар.

«Біреудің 105 немесе 110 жас өмір сүргенін растайтын құжаттар кейінірек пайда болған. Тіпті, біреу 111 жыл өмір сүрсе де, өзі ол туралы білмеген болуы да мүмкін. Сондай-ақ ежелде балалардың үштен бірі бір жасқа дейін шетінеп кеткен, ал жартысына жуығы 10 жасқа дейін өмір сүрген деген де мәлімет бар. Яғни, одан әрі қарай өмір сүру ұзақтығы арта берген. Осылайша 60 жасқа толғандар 70-ке дейін жетуге мүмкіндік алған», — дейді Шейдель.

Оның айтуынша, нәрестелер, бала тууға қабілетті әйелдер мен ауыр жұмыс істейтін адамдар 18 ғасырдан гөрі 2018 жылда өмір сүрсе, өмір сүру жасы ұзағырақ болатыны анық. Себебі бүгінгі күнгі медицина оған қажетті бар жағдайды жасай алады.

Мемлекеттердегі жазбалар

Адамзат тарихының кейінгі кезеңдерінде мемлекеттердің билігі бала туу, неке қию мен өлім сияқты мәліметтерді тіркей бастады. Мұндай мәліметтердің көбі балалар өлімінің жоғары болғанын көрсетеді. Дегенмен, билік пен ақша үнемі көмекке келе ала ма? Жоқ! 115 мың еуропалық дворянға жүргізілген анализ нәтижесінде ғалымдар патшалардың оларға қарағанда алты жас кем өмір сүргенін анықтаған. Ал 17 ғасырда Англияда дворяндарға қарағанда ауыл тұрғындары ұзағырақ өмір сүрген.

«Англияның аристократ отбасыларында барлық қажеттіліктер мен жағдай болды. Бірақ он сегізінші ғасырға дейін олардың өмір сүру ұзақтығы аз. Бұған олардың ауру түрлері көп кездесетін қалаларда өмір сүруі әсер етуі мүмкін. Дегенмен, бір қызығы, медицина мен денсаулық сақтау саласында революция болғанда, ол қарапайым халықтан гөрі элита топтарына көптеп көмектескен», — дейді ғалымдар.

Біздің заманымыздан бұрынғы адамдар

Ендігі кезекте ешқандай жазба мәліметтері жоқ кезеңді қарастырып көрсек.

Жақында Австралия ұлттық университетінің археологтары Кристин Кейв пен Марк Оксенхам 1500 жыл бұрын жерленген қаңқалардың тістерін зерттеп, 174 қаңқаның көпшілігінің жасы 65 жастан кіші болғанын, 16 адам 65 – 74 жас аралығында қаза тапқанын, тоғызының 75 жастан көп өмір сүргенін анықтады.

Дегенмен, әрине, бұл кезеңдер туралы мәліметтерді нақты анықтау қиын. Тіпті, қазіргі адамдардың өмір сүру ұзақтығы сол кездегі заманмен бір шамада болуы да мүмкін. Бір анығы, соңғы жылдардағы жетістіктер адамдардың өмірін барынша ұзартуға септігін тигізіп жатыр. Ал Оксфорд университетінің тарихшысы Хамфрис «Ежелгі замандағы өмір бәрібір қатал әрі қысқа болды», — дейді.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ