Біз астаналықтар болып қала береміз – Сұлтанов елордалықтарға үндеу жасады
Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов қала тұрғындары мен қонақтарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады
АСТАНА, 21 наурыз — Sputnik. Наурыз мейрамының алғашқы күнінде елорда әкімі Бақыт Сұлтанов қалалықтарды мерекемен құттықтап, шаһар тұрғындары бұрынғыдай астаналықтар болып атала беретінін айтты.
Астана әкімі құттықтауында Наурыз жаңару мен жасампаздықтың, ырыс-береке мен бірліктің мерекесі екенін, халқымыз оны қашанда көтеріңкі көңілмен, ерекше ықыласпен қарсы алатынын атап өткен, деп хабарлады Елорда Инфо..
«Бұл – еліміздің ынтымағы мен бірлігін, берекесін уағыздайтын ұлы мейрам. Өткен мен болашақты, татулық пен сыйластықты жалғаған жасампаз мереке», — деді әкім.
Ол Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдағы 10 жылды елімізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосатын шешуші кезең деп атағанын еске салды. Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын-тіршілігін жақсартуды жалғастыруды тапсырған.
«Елорда өткеннің құндылықтарын дәріптей отырып, күллі әлемге «Нұр-Сұлтан» атымен Қазақстанның жаңа бейнесін паш етіп отыр. Бұл –Елбасымыздың ерлігі мен ерен еңбегін бағалау, есімін елеп, мәңгілік тариxта қалдыру. Алайда біз бәріміз астаналықтар болып қала береміз. Бұл қалыптасқан термин», — деп сөзін жалғады Сұлтанов.
Сөз соңында елорда әкімі Наурыз мейрамында әрбір шаңыраққа шаттық пен толағай табыс, бақ-береке тіледі.
sputniknews.kz