Биылғы пітір садақа мөлшері белгілі болды

0

Пітір садақа еліміз бойынша жан басына 640 теңге болып бекітілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Наиб мүфтиі Кенжәлі Қоңыратбайұлы айтты.

Оның айтуынша, пітір садақаны Рамазан айының басынан Айт намазына дейін беруге болады.

«Биыл пітір садақа еліміз бойынша екі килограмм ұнның орташа бағасы есебінен 640 теңге мөлшерінде бекітілді», — деді Кенжәлі Қоңыратбайұлы.

Наиб мүфти сондай-ақ кәсіпкерлерге Бас мүфтидің әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік өнімдеріне бағаны төмендету туралы өтінішін жеткізді.

«Еліміздің Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы отандастарымызды қасиетті ай кезінде мешіттерде өткізілетін «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы»,«Рамазан тәттісі», «Жомарт жұма» сияқты қайырымдылық акцияларына өз үлестерін қосуға және кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің бағасын барынша төмендетуге шақырады», — деді ол.

Биыл қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталып, 9 сәуірге дейін жалғасады.