Биыл Үкімет халыққа 100 миллиард теңге таратуға шешім қабылдады

0

Ауыл халқының кірістерін арттыру үшін үлестірілетін қаражат көлемі екі еседей арттырылып отыр.

Қаржы министрлігі «Ауыл халқының кірістерін арттыру жөніндегі жобаны ауқымды түрде қолдану үшін ауыл халқына микрокредиттер беруге облыстық бюджеттерге» аударылатын бюджет қаржысының көлемін жариялады.

Ел Үкіметі «Ауыл аманаты» аталған осы жобаға бұрын 52 млрд 396,9 миллион теңге бөлген болатын. Ал 2024 жылы бұл сома тура 100 миллиард теңгені құрап отыр.

Бұл миллиардтар 17 облыс тұрғындары арасында келесі үлеспен таратылады:

  • Алматы облысына – 17 млрд 599 млн теңге;
  • Түркістан облысына – 13 млрд 200 млн теңге;
  • Жамбыл облысына – 13 млрд 199 млн теңге;
  • Ақтөбе облысына – 8 млрд 635 млн теңге;
  • Батыс Қазақстан облысына – 7 млрд 919 млн теңге;
  • Шығыс Қазақстан облысына – 7 млрд 39 млн теңге;
  • Қарағанды облысына – 7 млрд 39 млн теңге;
  • Қызылорда облысына – 5 млрд 746 млн теңге;
  • Қостанай облысына – 3 млрд 784 млн теңге;
  • Жетісу облысына – 3 млрд 520 млн теңге;
  • Ұлытау облысына – 2 млрд 992 млн теңге;
  • Павлодар облысына – 2 млрд 640 млн теңге;
  • Ақмола облысына – 1 млрд 848 млн теңге;
  • Маңғыстау облысына – 1 млрд 848 млн теңге;
  • Абай облысына – 1 млрд 320 млн теңге;
  • Солтүстік Қазақстан облысына – 911 млн теңге;
  • Атырау облысына – 761 млн теңге.

Іс-қимыл алгоритмі келесідей: бұл қаражаттарды ел Үкіметі алдымен облыстық бюджеттерге 10 жыл мерзімге 0,01% ставкамен бюджеттік кредит түрінде береді.

Жергілікті мәслихаттар депутаттары биылғы облыстық бюджеттерде ол қаражаттарды түсім ретінде қабылдап алу туралы шешімді қабылдайды. Содан кейін күнтізбелік 10 күн ішінде облыстардың жергілікті атқарушы органдары мәслихаттардың шешімдерін Қаржы министрлігіне ұсынады.

Әрі қарай Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрліктері облыс әкімдіктерімен үшжақты кредиттік шарттар жасасады. Осы қос ведомство бюджеттік кредиттердің – 100 миллиард теңгенің нысаналы пайдаланылуын және республикалық бюджетке уақтылы қайтарылуын бақылауды қамтамасыз етуге жауап береді.

Ақыр соңында әкімдіктер өздеріне түскен қаражат еншісін «ауыл халқының кірістерін арттыру жөніндегі жоба» аясында тұрғындарға арзан микрокредит түрінде 6 ай ішінде үлестіріп шығуға тиіс.

Яғни, бұл ақша қайтарымсыз, тегіннен тегін берілмейді, оны пайыздық сыйақысымен қосып, мемлекетке кері қайтаруға тура келеді. Бірақ сарапшылар оның игілігіне назар аудартады: бір жағынан, мұндай өте арзан несиені нарықтан таба алмайсыз. Кредиттің ставкасы небәрі 2,5 пайыз! Екіншіден, егер оны алған адам жетістікке жетіп, өз бизнесін дөңгелентіп әкетсе, өзгелерге үлгіге айналса, ары қарай қайтарымсыз грант ақшаларға да қол жеткізуіне, маман ретінде танылып, курстар жүргізуіне мүмкіндіктер ашылады.

«Жоба аясында ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардың тұрғындары төл бизнесін ашуға және жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге шағын несиелер ала алады. Сыйақының номиналды мөлшерлемесі – жылдық 2,5%. Несие мерзімі 5 жыл, ең көп дегенде 7 жылдан аспайды. Кепілмен қамтамасыз ету керек. Несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК (2024 жылы – 9 млн 230 мың теңге). Ірі кооперацияны дамыту үшін – 8 мың АЕК немесе 29 млн 536 мың теңге беріледі. Несие қаражатын үлестіретін операторларын әр облыстың әкімдіктері тендер өткізу арқылы айқындайды», – деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Осылайша, жоба аясында ұсынылатын арзан кредиттің ең жоғары сомасы 2023 жылғы шамамен 7,9 млн теңгеден осы жылы 9,2 миллионға дейін, ал кооперативтер үшін шамамен 25,4 миллионнан 29,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылып отыр.

2023 жылы жобаны іске асыру аясында 11 мыңнан астам шағын қарыз беріледі деп жоспарланды. Былтырғы қарашадағы жағдай бойынша ауыл-аймақтағы халықтан 88,4 миллиард теңгенің 14 284 өтінімі түсіпті. Соның ішінде 66,2 млрд теңгенің 10 878 өтінімі мақұлданған. 53,6 млрд теңгеге 8 761 шағын несие берілді. Он ай қорытындысында ШҚО-да (1,5 млрд теңге), Қостанай (1,6 млрд теңге) және Павлодар (1,5 млрд теңге) облыстарында қаражат толық игеріліпті.

Ағымдағы жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен бөлінген 100 млрд теңге ақшаға шамамен 17 мың шағын несие беру жоспарланған. Бұл ауылда 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Қалай болғанда, бұл жоба жұртшылық арасында кең сұранысқа ие екенін дәлелдеді. Жобаның алғашқы қатысушыларының бірі Евгения Макаревич Ақтөбе облысының Алға ауданында өзінің құс шаруашылығын ашты. Алғашқы жылдың өзінде табысы 10-нан 12 миллион теңгеге жеткенін айтады.

«Бұл жоба халықтың үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Өйткені 2,5% ставкамен басқа қай жерден несие ала аласың? Бірінші жылда төлеуден босатылып, каникул беріледі. Ауылдағы жылжымайтын мүлік те кепіл ретінде қабылданады. Мұндай жеңілдікті шарттар бірде бір банк пен микроқаржы ұйымында жоқ», – дейді Е.Макаревич.

Ауыл кәсіпкері жылына елу мыңға жуық жұмыртқа, 12 мың тоннадай ет өндіреді. Азық-жем цехын құру, шетелден тасымай, төл инкубациялық жұмыртқалар шығару үшін қажетті тауықтар үйірін өрбіту жоспарында бар. Жеті жыл бұрын Алға тұрғынының қолындағы тауық пен үй құстарының жалпы саны 100 басты ғана құрапты. Бүгінде олардың саны екі мыңға жуықтап келеді.

Ол 29 миллион теңгедей сомаға жеңілдікті несие алып, ауыл шаруашылығы кооперативін ашуға да ниетті. Осы арқылы өндірісін ары қарай кеңейте алады. Нәтижесінде, бірінші кезеңде өңірді, болашақта бүкіл елді сапалы құс өнімдерімен қамтуға талаптанып отыр.

Жоба бизнес қабілеті бойында бұйығы жатқан қаншама кәсіпкердің бағын ашып, дарынын жүзеге асыруына мүмкіндік беруі мүмкін. Билік жас кәсіпкердің өнегесін өзге ауылдықтарға ұлағат ету, ал оның өзі тәжірибесін бөлісе алуы үшін Евгения Макаревичті «Ауыл аманаты» жобасының тәлімгер-менторларының бірі ретінде алды. Ол «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы алаңында құс шаруашылығымен айналысқысы келетін жерлестеріне тиісті курстарды, семинарларды жүргізеді, кәсіпкерлік және қаржылық сауаттылыққа үйретеді.

Жалпы, өнім өндіру – бір төбе де, ал оның өнімін өткізу – мәселелердің бір төбесі. Жоба аясында жергілікті әкімдіктер мен жауапты құрылымдар қатысушыларға өнімдеріне нарық табуға көмектесуге тиіс.

«Бірден ірі супер, гипермаркеттер желісіне өніммен кіру қиын болар, олар тұрақты, сенімді жеткізілімді қамтамасыз ету үшін әдетте, ірі өндірушілермен жұмыс істейді. Бірақ Қазақстанда 10 мыңнан астам «үй жанындағы дүкен» бар. Егер «Ауыл аманаты» жобасының әрбір қатысушысы сапалы, сұранысқа ие, табиғи өнімді шығарса, ол өнімін бүкіл республикаға тарату мүмкіндігіне ие болады», – деді кәсіпкер, өңірлік «Quttymeken» қорының директоры Тимур Жұлдызбаев.

Дегенмен, биылғы жылы «Ауыл аманаты» аясында бірқатар өзгерістер енгізіліп отыр. Мәселен, ұсынылған жобаларға жүргізілген талдау үміткерлердің мал шаруашылығымен әуестеніп кеткенін көрсеткен: мемлекет беретін қаржыға төрт түліктің бірін сатып алғысы келеді.

Атырау облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Тілекқабыл Ғұбайдуллиннің түсіндіруінше, өткен 2023 жылғы жобалардың басым көпшілігі мал шаруашылығына қатысты болды. Сондықтан ел Үкіметі ағымдағы жылы «бұл салаға қатысты жобалардың үлесі 50%-дан аспасын» деген міндет қойды. Бұл жолы өнімді өңдеу салаларындағы жобаларға, сондай-ақ кооперацияға басымдық беріледі.

«Атамекен» ұлттық палатасының дерегінше, жүргізілген скрининг қорытындысында, барынша басымдықты бағыттар анықталды. Оған құс шаруашылығы, жылыжайлар, көкөністер мен жидектер өсіру, сүт, ет өнімдерін өңдеп, түрлі тауар шығару, ара өсіріп, омарташылық жасау және басқалары кірді. Осы бағыттарда жаңа жобаларды жүзеге асыру арқасында Қазақстан азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайтады. Экономиканың әртараптануына ықпал етеді, сұранысқа ие, тапшы өнімді өндіру арқылы халықты тиімді жұмыспен қамтуға қол жеткізеді.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жобаны іске асыру тетігі жетілдірілгенін жеткізді. Ведомство «Ауыл аманаты» аясында кредит берудің негізгі шарттары мен тәртібін регламенттейтін қағидалар жобасын әзірледі. Негізгі шарттар қолданыстағы жағдайларға ұқсас болып қалды, алайда бірқатар салмақты өзгеріс бар.

Біріншіден, қатысушылардың нақты тізімі анықталды, бұлар:

  • Жұмыссыздар;
  • Жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеусіз табыс алу мақсатында тауарларды өндіріп, өткізуді, жұмыстарды орындауды және қызметтер көрсетуді дербес жүзеге асыратын тұлғалар, әрекетсіз жеке кәсіпкерлер;
  • Отбасылық кәсіпкерлікте жалақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;
  • Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, сату не айырбастау үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар;
  • «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңына сәйкес қызметін жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы кооперативтері;
  • Ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жатқан жеке кәсіпкерлер.

Екіншіден, әрбір ауылдық округті несиелендірудің басым бағыттарын анықтау талаптары қарастырылған. Бұл ретте мал шаруашылығы бағыты үшін қаражаттың 50%-ынан аспайтын лимит белгіленді.

Үшіншіден, жобаларды іріктеудің негізгі өлшемдері анықталды. Бұл шара шағын несиелендіруге арналған жобаларды сапалы іріктеуге мүмкіндік береді және қаражаттың қайтарымдылығын арттырады екен.

Жобаларды іріктеудің негізгі критерийлері мынадай:

  • Жоба басым бағыттарға сәйкес болуы керек;
  • Тұрақты жұмыс орындарын ашуы қажет;
  • Үміткер жобасын іске асыру жоспарланған ауылда немесе шағын қалада тұрғылықты жері бойынша кемінде 12 ай тұрақты тіркелуі шарт. Яғни, жоба үшін қалаға жаңадан көшкендер басымдық саналмайды.
  • Ескіше жұмыс істемей, заманауи, жаңа, бұрын пайдаланылмаған техниканы, жабдықтарды сатып алса, жөн.

Биыл нақты тыйымдар да енгізілуде. Атап айтқанда, арзан несиеге жеңіл автокөлік сатып алуға болмайды. Жақын туыстарының малдарын, осы жоба аясында бұрын сатып алынған ауыл шаруашылығы жануарларын, сондай-ақ кейін жалға беру үшін ғимараттарды, үй-жайларды сатып алуға, баспана не басқа ғимараттарды салуға бұл несие берілмейді.