Биыл соңғы қоңырау бола ма: Оқу-ағарту вице-министрі жауап берді

0

Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова 2022-2023 оқу жылының аяқталуына қатысты өткізілген баспасөз мәслихатында мектептерде соңғы қоңырауға арналған салтанатты іс-шараны өткізуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Ведомство өкілінің айтуынша, Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, биыл мектептердегі оқу мерзімі 31 мамырда аяқталады. «Бұл күні барлық мектепте әдеттегідей сабақ кестесіне сәйкес сабақ жүргізіледі. Сабақтың соңында әр сынып жетекшісі сынып сағатын өткізеді. Сынып сағатының сценарийлерін мұғалім сыныптың жас ерекшелігін ескере отырып, дербес анықтайды. Сынып сағатының негізгі мақсаты — оқу жылын қорытындылау, алдағы уақытта ұзақ мерзімді жазғы демалыс кезеңіне бағдарлама беру. Дәстүр бойынша бұл сынып сағаттары жылда өткізіледі. Мұғалімдер жазғы уақытқа оқу үшін әдебиеттер тізімін, қарауға фильмдер ұсына алады. Сонымен қатар қауіпсіздік шараларын айтады. Алдын ала жоспарланып ұйымдастырылған демалыстың артықшылықтарын, қосымша білім ұйымдарына қатысу бойынша, еңбек етудің, ата-анаға көмектесудің қажеттілігі жөнінде де айтады.

Сонымен қатар сынып сағатының маңызды бөлігі — отанды сүю, достық татулық, ел тарихын құрметтеу тақырыптарына арналатын болады», — дейді Шолпан Каринова. Вице-министр сондай-ақ мектептерде соңғы қоңырауға арналған салтанатты іс-шараны өткізуге қатысты пікір білдірді. «Әр мектеп соңғы қоңырауға арналған салтанатты жиынды өткізу туралы шешімді дербес қабылдайды. Сонымен қатар Оқу-ағату министрлігі мектептердің соңғы қоңырау өткізуге қатысты дәстүрлерін қолдайды. Дегенмен министрліктің бұрынғы және қазіргі нормативтік құжаттарында бұндай іс-шара өткізу көрсетілмегенін жеткіземіз. Соңғы қоңырау өткізілген жағдайда бұл іс-шараны 1 маусым күні «Балаларды қорғау күніне» орайластырып, соның форматында өткізуді ұсынады», — дейді Шолпан Каринова. Айта кетейік, ведомство дерегінше, биылғы оқу жылын 18 мыңнан астам мектеп пен кәсіби-техникалық білім беру мекемелері аяқтайды. Онда 5 млн-нан астам оқушы мен тәрбиеленуші білім алуда. Сондай-ақ, министрлік ақпаратына сәйкес, биыл 172 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді.